Келер жылдан бастап жеке куәлік пен паспортты небары 3 сағаттың ішінде алуға болады. Маусым айында құжаттарды алу мерзімі екі есеге қысқармақ. Бұл туралы Астана қалалық халыққа қызмет көрсету орталығы басшылығы мәлімдеді, деп хабарлайды Астана арнасы.
Бүгінде еліміз бойынша Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларында ғана жеке басын куәландыратын құжат пен паспорт екі күнде жасалады. Осыны алға тосқан премьер Бақытжан Сағынтаев бұл қызмет барлық азаматтарға бірдей көрсетілуін тапсырды. Қазір азаматтарға арналған үкімет коорпорациясы осы бағыттағы жұмыстарға қызу кіріскен.
“Тапсырмадан кейін аталған 4 қалада 1 күн ішінде, ал өзге облыс орталықтарында 1 апта ішінде дайындау жүзеге асты. Бұл жоба ІІМ мен бірлесе атқарылған. Біз техникалық тұрғыда дайынбыз. Жоба жақын арада жүзеге асады. Мұнан өзге бірыңғай ХҚКО салу жоспарланған. Олай болған жағдайда, бір ғимаратта фронт және бэк офистер салынып, мамандар бір жерде отыратын болады. Құжаттарды бірнеше сағат ішінде алып кету мүмкіндігі бар”, – дейді Астана қалалық ХҚКО үйлестіру қызметі департаментінің басшысы Ерлан Шүренов.