Жеке сот орындаушылары ақша бопсалайды, ал менеджерлер пара сұрайды – Алик Шпекбаев

2046

Жеке сектордағы жемқорлықты жоюға басымдық беріледі.

Жеке сот орындаушылары ақша бопсалайды, ал менеджерлер пара сұрайды – Алик Шпекбаев Фото: Валерий Бугаев

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев кәсіпкерлердің IV республикалық форумында соңғы үш жылда кәсіпкерлікке кедергі келтірудің 970 фактісі тіркеліп, 351 лауазымды тұлға сотталғанын мәлімдеді. 

"Антикоррупциялық стратегия 2025 жылға дейін үздіксіз жалғасады. Қылмыстық заңнамаға енгізілген түзетулер мен өзгерістерге сәйкес, басқару құқығы берілген лауазымды тұлғалар ерекше назарда болады. Жеке сектордағы жемқорлықты жоюға басымдық беріледі. Осы арқылы біз шағын және орта бизнес саласындағы жемқорлық пен парақорлықтың алдын аламыз", – деді Алик Шпекбаев.

Оның сөзінше, бүгінгі таңда мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторларда ғана емес, коммерциялық банктерде,табиғи монополия субьектілерінде, тіпті ритейл саласында да жемқорлық белең алып тұр. 

"Мысалы супермаркеттерде өндірушінің тауарын көзге көрінетін жерге орналастыру үшін ресми төлемнен бөлек, менеджерлерге пара беру керек", – деді агенттік төрағасы.

Алик Шпекбаевтың айтуынша, жеке сот орындаушылары да азаматтардан ақша бопсалауды әдетке айналдырып алған.

"Жеке сектордағы жемқорлықтың тамырына шабылғанда ғана, шағын және орта бизнестің тасы өрге домалайды. Біз мақсатқа жету үшін жемқорлықпен күрестің қарқынын үдете береміз", – деді Алик Шпекбаев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу