2015 жылы 996 жеке сот орындаушысы жұмыс істесе, 2016 жылдың қорытындысына жүгінсек, олардың саны 40 пайызға көбейіп, 1347-ге жеткен. Ал көмекшілер мен іс қағазын жүргізушілерді қоса есептегенде, бұл салада 4 мыңдай маман бар. Бұл туралы ҚР әділет министрі Марат Бекетаев мәлім етті, деп хабарлайды inform.kz.
Министрдің айтуынша, "100 нақты қадам" ұлт жоспарының 27-қадамында жеке сот орындаушылардың институтын одан әрі дамыту, сот орындаушыларының мемлекеттік қызметін біртіндеп қысқарту көзделген.
Сот шешімін орындау саласындағы мемлекет саясатын қалыптастыру – әділет министрлігі қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Қазір жеке сот орындаушылары институтын дамыту мақсатында сот приставтарын қысқарту жүзеге асырылып жатыр. Бұл институт енгізілгеннен бері 4203 лицензия берілген.
"Күні бүгін сот орындаушылары 26 мемлекеттік органның 52 деректер базасынан нақты ақпарат алып отырады. Құжатты электронды түрде алу және сот орындаушыларының қаулыларын санкциялау бойынша жоғарғы сот және ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелерімен қарым-қатынас орнатылған. Бұл дәлме-дәл есепті тез жүргізіп, атқару құжаттарының жоғалуын барынша қысқартуға мүмкіндік береді. Берешегі барлардың мүлкіне тыйым салу мен одан шығарудың да электронды тетіктері жасалып, қолданылып келеді", – дейді Марат Бекетаев.