Жеке тұлғалар арасындағы мобильді аударымдарға тыйым салынбайды – вице-министр

373

Құзырлы органдар барлық мобильді аударымдарды тексермейді. 

Жеке тұлғалар арасындағы мобильді аударымдарға тыйым салынбайды – вице-министр Фото: freepik

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мобильді аударымдарды салықтық бақылау мәселесіне қатысты мән-жайды түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

"Жеке тұлғалар арасындағы мобильді аударымдарға тыйым салынбайды. Егер туыстарына, әріптестеріне және басқа да өмірлік жағдайларға байланысты ақша аудару қажеттігі болса, онда шектеу жоқ", - деді вице-министр.

Ержан Біржанов мемлекеттік кірістер органдары барлық мобильді аударымдарды тексермейтінін еске салды.

"2025 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелген және қатарынан үш ай бойы 100 түрлі тұлғадан аударым алған тұлғалардың мобильді аударымдары бойынша деректерді аламыз. Біз оларды кәсіпкерлік қызмет ретінде қарастыратын боламыз", - деп түсіндірді спикер.

Вице-министрдің сөзінше, бизнестің құқықтық алаңда жұмыс істеп, барлық айналымын көрсетіп, салық төлеп отыруы үшін жағдай жасалған. Салық режимдерінің тәртібі оңайлатылды, салық ставкалары қызмет түріне байланысты тек 1%-дан 4%-ға дейінгі аралықта.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жеке шоттарына ай сайын қатарынан үш ай бойы 100 және одан да көп түрлі тұлғалардан мобильді аударымдар алған тұлғалар бақылауға жатады. Себебі, бұл кәсіпкерлік қызметтің белгісі болып табылады.

Сондай-ақ, Ержан Біржанов тек қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша жұмыс істейтін адал кәсіпкерлер бақылау саласынан шығарылатынын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу