Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Өзбекстан тарапымен келісім бойынша 2025 жылғы 1 ақпаннан бастап "Тәжен" кеден бекеті (Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасында орналасқан) өткізу пункті арқылы жеке тұлғалар, жеңіл автокөліктер, автобустар және 3,5 тоннаға дейін жүктемелейтін автокөлік құралдарын өткізу 3 айға тоқтатты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл ретте, аталған өткізу пунктінен уақытша өту жабылған уақытта жеке тұлғалар, жеңіл көліктер, автобустар және 3,5 тоннаға дейін жүктемелейтін автокөлік құралдарының өтуі келесі өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылатын болады:
- "Б.Қонысбаев" (ҚР) – "Яллама" (ӨР) өткізу пункттері (жеке тұлғалар, жеңіл автокөліктер, автобустар және 3,5 тоннаға дейін жүктемелейтін автокөлік құралдары);
- "Қапланбек" (ҚР) – "Зангиота" (ӨР) өткізу пункттері (жеке тұлғалар, жеңіл автокөліктер, автобустар);
- "Сырдарья" (ҚР) – "Малик" (ӨР) және "Целинный" (ҚР) – "Ок олтин" (ӨР) өткізу пункттері арқылы (жеңіл автокөлік құралдары, жеке тұлғалар).
Бұдан басқа, "Тәжен" өткізу пунктінің Маңғыстау облысындағы "Бейнеу" теміржол станциясына жақындығын ескеріп, жеке тұлғалардың шекарадан өтуін халықаралық жолаушылар тасымалдау поездары арқылы теміржол көлігімен жүзеге асыруға болатынын хабарлаймыз.