Жеке тұлғаларды инвестор деп танудың ережелері мен шарттары әзірленді

Арнайы талаптарға сәйкес келмегендер тестілеуден өтеді.  

Жеке тұлғаларды инвестор деп танудың ережелері мен шарттары әзірленді Фото: new-retail.ru

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі  2022 жылы 20 қазанда "Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың жеке тұлғаларды білікті инвесторлар деп тану қағидалары мен шарттарын, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығында брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың білікті инвесторлар болып табылмайтын жеке тұлғаларға қызметтер көрсету ерекшеліктерін бекіту туралы" агенттік басқармасының қаулысын қабылдады.

“Қаулыда жеке тұлғаларды білікті инвесторлар деп тану тәртібі көзделеді. Атап айтқанда, жеке тұлға жоғары білімі, халықаралық кәсіби сертификаттары, еңбек өтілі және т. б. болуы бөлігінде бір немесе бірнеше талаптарға сәйкес келген жағдайда білікті инвестор болып танылады”, – деп хабарлады агенттік.

Көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген жеке тұлға тестілеуден өтеді. Тек сонда ғана білікті деп танылуы мүмкін.

Тестілеуге арналған сұрақтар тізбесін брокер дербес қалыптастырады, алайда күрделі қаржы құралдарына (туынды қаржы құралдары, РЕПО, ETF, ETN және т. б.) байланысты сұрақтар санаттарын қамтуға тиіс.

“Тестілеу нәтижесі теріс болған жағдайда жеке тұлға білікті деп танылмайды және инвестициялаудың бар тәуекелдері туралы брокердің хабарламасымен танысқан және оған қол қойған кезде ғана білікті инвесторларға арналған қаржы құралдарын сатып ала алады.

Жоғарыда көрсетілген заңнамалық өзгерістер білікті инвесторларға ғана арналған қаржы құралдарының тізбесі бойынша шектеулерсіз қаржы құралдарын сатып алуға құқылы заңды тұлғаларға қолданылмайды”, – деп хабарлады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Қаулының толық мәтінімен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тиісті тіркеу рәсімінен кейін Агенттіктің интернет-порталында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде танысуға болады.

Қаулы Премьер-Министрдің 2022 жылғы 26 шілдедегі № 117 Өкіміне сәйкес "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2022 жылғы 12 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында қабылданды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу