Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасына 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімін ұзартуды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл туралы бас банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков хабарлады.
"Бағдарлама талаптарына сәйкес келетін барлық валюталық ипотекалық қарыз алушыларды бағдарлама аясында барынша қамту мақсатында осы қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін, таратылып жатқан "Астана Банкі" АҚ және "Qazaq Banki" АҚ банктеріндегі қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды", – деп хабарлады Олег Смоляков.
"Қарыздар Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша теңгемен қайта қаржыландырылуға тиіс", – деп толықтырды ол.
Бағдарламаға енгізілген түзетулерді ескере отырып, қарыз алушылар 2019 жылғы 15 желтоқсаннан кешіктірмей қайта қаржыландыруға өтінішпен кредитор банкке жүгінулері қажет.
"2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландыруға 64,9 млрд теңге сомасына 7 735 валюталық ипотекалық қарыз мақұлданды, 51,4 млрд теңге сомасына 6 283 валюталық ипотекалық қарыз қайта қаржыландырылды", – дейді ол.
Айта кетсек, 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша банктер бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландыруға 165,9 млрд теңге сомаға 26 803 қарызды мақұлдаған, 148,3 млрд теңге сомаға 25 249 қарызды қайта қаржыландырып, қарыз алушылардың 51,3 млрд теңге сомаға сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық айыбы бойынша берешегі кешірілді.