Жеке тұлғаларға банкроттығын соттан тыс рәсімдеуге мүмкіндік беріледі

558

"Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасында банкроттықты рәсімдеудің үш түрлі әдісі ұсынылып отыр. Оның бірі соттан тыс банкроттық рәсімі, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.  

Жеке тұлғаларға банкроттығын соттан тыс рәсімдеуге мүмкіндік беріледі Фото: inbusiness.kz

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың дерегінше, соттан тыс банкроттық рәсімге өтініш берудің шарттары мынадай:

"Банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдындағы берешек 4,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспаса; ресми кірісі жоқ немесе ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын табыс – 36 018 теңге болса. Бұл жағдайда борышкердің мүлкі болмауы керек және қарыздар бойынша банкпен есеп айырысу рәсімін жүргізу қажет", - дейді Ержан Біржанов.

Соттан тыс банкроттық тек банктер, микро қаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін. Қазіргі таңда несиесі бар адамдардың 96%-осы санатқа түсуі мүмкін, өйткені азаматтардың басым көпшілігінде кепілсіз, тұтынушылық несие.

Алайда, соттан тыс банкроттықты қолданудың бірқатар салдары бар: борышкерге несие алу, кепілдіктер беру бойынша мәмілелерді жасауға тыйым салынады; берешекті өндіріп алу туралы сот шешімдерінің орындалуы тоқтатылды; тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) және сыйақыны есептеу тоқтатылады; Сондай-ақ, кредиторлар борышкерден міндеттемелерді орындауын талап ете алмайды. Борыштық міндеттемелер мерзімі өткен болып саналады.

"Соттан тыс банкроттық "Электрондық үкімет" веб-порталымен байланысты болады барлық азаматтардың сайт арқылы арыз беруі негізінде мәлімет алынады. Содан кейін керекті мемлекеттік органдар сараптама жүргізеді, қорытындысын дайындап, Кірістер комитетіне жолданады. Соңғы шешім қабылдайтын Мемлекеттік кірістер комитеті болады. Барлық мемлекеттік органдардан ақпарат алғаннан кейін ол қорытынды шешім қабылдайды", - дейді Ержан Біржанов.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу