Жеке тұрғын үйдің ауласында құрбан шалуға шектеу қойылмайды

963

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы qurban2021.kz жобасы құрбан шалуға ниет білдірген жандарға карантин кезінде оңтайлы жол ұсынуды көздейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Жеке тұрғын үйдің ауласында құрбан шалуға шектеу қойылмайды

Бас мүфтидің айтуынша, аталмыш жоба қайырымдылыққа дәнекер болып, халықтың денсаулығы мен өміріне төнген қауіпті сейілтуге үлес қосады. 

"Qurban2021.kz сайты бүгін сағат 15:00-де іске қосылып құрбан айттың үшінші күні яғни 22 шілдеге дейін жұмыс істейді. Құрбан шалуға ниет еткен азаматтар осы аралықта тапсырыс бере алады. Qurban2021.kz сайты арқылы мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін 17 шілдеден бастап өтініш білдіре алады. Мұқтаж отбасылардың өтінішін қабылдау, сараптау және құрбандық етін жеткізіп беру жұмысымен ҚМДБ-ның жергілікті өкілдіктері және еріктілер айналысады", – деді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.

Наурызбай қажы Тағанұлының сөзінше, ауылдық жерде, жеке тұрғын үйде тұратын әр адамның мұсылмандық міндетін атқаруына ҚМДБ тарапынан  шектеу жоқ.

"Ханафи мәзһабында құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу – уәжіп яғни міндет. Шариғатымыз бойынша "бай" деп мал-дүниесі нисап мөлшеріне жеткен адамға айтылады. Нисап мөлшері – 40 қой немес 40 ешкі, яки 30 ірі қара, немесе 5 түйе. Ол да болмаса қажеттілігінен артық 85 гр алтын яғни 1 230 000 теңге қаражат. Мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген, яғни жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес. Құрбандық етін мұқтаж жандарға үлестіру арқылы мұсылмандар арасында махаббат пен сүйіспеншілік артады. Сонымен қатар өзінің бойындағы қатыгездік, сараңдық сынды сипаттардан арылып, оны мейірімділік, жомарттық, кішіпейілдік қасиеттерге ауыстырады. Алла Тағала шалған құрбандығымызды, берген садақамызды қабыл етіп, екі дүние игілігін нәсіп еткей!" – деді бас мүфти.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу