Астанада жеке тұрғын үйге газ тарту үшін шамамен 1000 АҚШ доллары қажет. Бұл туралы бүгін Астана қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен жиында Астана қаласының энергетика басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Бүгінгі таңда Астананы газдандырудың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Газдандыру бойынша негіздемені жасауды маусым немесе шілде айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осыдан кейін жобалық-сметалық құжаттама жұмыстары жасалып, жобаны жүзеге асыру қолға алынады. Мен Астана қаласының ішкі алаңдық және ішкі орамдық желілері бойынша айтып отырмын", - дейді ол.
Бақтыбек Жапаевтың айтуына қарағанда, магистральдық газ бойынша мәселе әлі Үкіметте шешілмеген. Бірақ, қарауда жатыр.
"Жуық арада Астананы магистральдық газбен қамту шешілер деген ойдамын. Ішкі алаңдық желілер бойынша айтарым, қазіргі таңда өз қаржысымен қалаға газ желілерін тартып, газды қосуға әзір тұрған инвесторлар баршылық. Инвесторлардың бірі - "Глобал газ" компаниясы. Ол компания қазіргі уақытта Тұран көшесінің бойында регазификация станциясын қойды. Станцияның атауы - Тұран. Сол станция арқылы бүгінгі күні бірнеше нысан газдандырылуда", - дейді Бақтыбек Жапаев.
Басқарма басшысы сонымен бірге, үйлерге газ тартылған жағдайда төлем қаншалықты қымбаттауы мүмкін деген сұраққа жауап берді.
"Газ бүгінгі күні текше метріне 110 теңге болады. Әзірге осы бағаны "Глобал газ" белгіледі. Бірақ, "Глобал газ" субсидия алу үшін мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында өтінім беріп отыр. Қазір бұл өтінім Экономика министрлігінің қарауында. Қаңтар айының соңына қарай олар оң немесе теріс жауап алады. Егер оң шешім шыққан жағдайда газдың текше метрі 35 теңге тұратын болады", - дейді ол.
Бақтыбек Жапаевтың сөзіне сенсек, газға кететін төлемді көмірмен қазіргі таңда салыстыруға болмайды. "Газ әлбетте қымбат болады. Кем дегенде 2 немесе 2,5 есе қымбат болары анық. Ал үйге газ тарту үшін шамамен 1000 доллар тұрады. Бір үйге құрылғысымен бірге газ тартудың бағасы шамамен осынша болады. Бірақ, Астанамыздың патриоты болғандықтан, балаларымыз лас ауамен демалмас үшін бәріміз газға көшерміз деген сенімдемін", - дейді ол.