Павлодар облысы әкімінің Баянауылдағы резиденциясы осыдан бес жыл бұрын жеке компанияға су тегінге сатылған еді. Күні кеше облыстың мамандандырылған экономикалық соты мемлекет пен кәсіпорын арасында жасалған сату-сатып алу туралы келісімшартты заңсыз деп таныды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Нарықтағы бағасы шамамен алғанда 1 млрд теңге болуы тиіс резиденция 2018 жылы "Асфальтбетон" ЖШС-мен жасалған келісімшарт негізінде 161,6 млн теңгеге жекенің басқаруына берілген болатын. Сол уақыттан бері инвестор бұрынғы резиденцияны жөндеп, қымбат курорттық аймаққа айналдырды. Алайда табиғатты қорғау прокуратурасы шенеуніктер әу баста резиденцияны бағалау жұмыстарын дұрыс жүргізбей, бағаны қасақана арзан етіп көрсеткен деген байламға келді. Сондай-ақ, демаоыс орнының тұрғын емес үй-жайларын есептен шығару барысында жер учаскесінің бағалауы жүргізілмегенін алға тартып, резиденцияны сатқан облыстық қаржы басқармасына келісімшартты заңсыз деп тану жөнінде сотқа арыз беруге ұсыныс жолдады.
Мемлекеттік мекеме сотқа арыз түсірді. Бірақ сот отырысы бірнеше рет кейінге шегерілді. Ал таяуда облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев қаржы басқармасына ресми хат жолдап, сол арқылы табиғатты қорғау прокуратурасының ескертпесін кері қайтарып алды. Алайда облыс прокурорының міндетін атқарушы Серік Кәріпбаев мәселені зерделеп, өзінің бірінші орынбасарының хатын кері қайтарып алып, табиғатты қорғау прокуратурасының тарапын қолдады. Сөйтіп, бұл мәселе қаржы басқармасы, прокуратуралар мен курорттық аймақ арасындағы "жырға" айналды.
Кеше сол "жырға" нүкте қойылды. Облыстық мамандандырылған экономикалық сот қаржы басқармасының "Асфальтбетон" кәсіпорнымен жасаған келісімшартты заңсыз деп тану жөніндегі өтінішін қанағаттандырды. Бірақ шешім әлі заңды күшіне енген жоқ. Егер аппеляциялық сот бұл шешімді қолдаса, "Jasybai Resort" демалыс орны мемлекеттің меншігіне қайтарылуы тиіс.
Бұған қатысты Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өз пікірін білдірді.
"Болып жатқан жағдайдан хабардармын. Бірақ қазіргі демалыс орнының алдағы "тағдырына" қатысты қандай да бір байлам айту ерте деп білемін. Соттың шешімі заңды күшіне енген жоқ. Десе де, маған салса резиденцияны қазіргі демалыс орны күйінде қалдырмас едім. Оны балаларға арналған лагерь, жыл бойы жұмыс істейтін санаторий немесе мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығы ретінде қарастыруға болады. Яғни, әлеуметтік осал топ өкілдеріне бағытталуы керек. Нақты шешім қабылдайтын күн туғанда, барлық идеялар мен мүмкіндіктерді қарастырамыз", - дейді аймақтың басшысы.