Жекелеген органдар тарапынан бизнес өкілдеріне қысым көрсетілуде

1904

Кәсіпкерлер құқығы өңірлік "Жол картасы" арқылы қорғалады.

Жекелеген органдар тарапынан бизнес өкілдеріне қысым көрсетілуде

Қызылорда облысында кәсіпкерлік субъектілерінде жоспарлы тексерулер 761-ден 712-ге дейін азайған. Бірақ, жекелеген бақылаушы органдар заңсыз тексерулерді тағайындауға талпынуда. Мұндай істер облыстық прокуратураның тіркеу сатысында анықталып жатыр.

Бұл туралы облыс прокуроры Нұрлан Бижанов "Nur Otan" партиясы филиалы және кәсіпкерлер палатасымен бірлескен "Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы" жиналысында айтты.

Прокуратура осы жылы 17 кәсіпкерлік нысандарын тексеруден бас тартқан. Ерекше тәртіппен жүргізілген 700 тексерудің 116-ында заң бұзушылық анықталмаған. Осылайша адал кәсіпкерлер әуреге салынған.

Шарада үшжақты келісім негізінде кәсіпкерлердің құқығын қорғау үшін өңірлік "Жол картасы" қабылданды. Бұл кәсіпкерлік саласындағы проблемаларды анықтап, шешу жолдарын қарастырады.

"Transparensy Kazakhstan" ұйымының зерттеуі бойынша, Қызылорда облысында жекелеген органдар тарапынан бизнес өкілдеріне қысым көрсетілуде. Оның ішінде полиция, салық, әкімдік, төтенше жағдайлар және тұтынушылардың құқығын қорғау органдары, кәсіпкерлерге бюджеттік кредит беретін ұйымдар да бар.

Осындай жүйелі проблемаларды шешу мақсатында дайындалған "Жол картасы" бір жағынан сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар бақылаушы органдардың қызметін әшкерелейтін болады.

Облыс прокуроры Нұрлан Бижанов бұл жұмыстар ұзақ мерзімді шара ретінде атқарылатынын және жүйелі проблемаларды талқылау үшін ай сайын облыстық прокуратурада, "Нұр Отан" партиясы филиалында немесе кәсіпкерлік палатасында жиналатындарын атап өтті.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу