Жекешелендірудің екінші кезеңінде 394 нысан сатылды

1163

Жекешелендірудің екінші кезеңінде 394 нысан сатылды

Жекешелендірудің "екінші толқыны" аясында 394 нысан сатылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде жекешелендірудің "екінші толқынының" іске асырылу нәтижелері және мүлікті жария етудің қорытындысына арналған баспасөз-конференциясында Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Ыбырайымов мәлім етті, деп жазады egemen.kz.

"2014-2016 жылдарға арналған сату кестесіне сәйкес, сатуға 629 нысан жоспарланған. 2017 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша іс жүзінде саудаға 578 нысан шығарылды, оның 394-і сатылды. Республикалық меншік бойынша – 25, коммуналдық меншік бойынша – 201, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар бойынша – 97, холдингтер бойынша – 71 нысан сатылды", – деді комитет төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ, ол сатудан түскен қаражаттың қалай бөлінгенін айтып берді.

"Республикалық бюджетке – 8,4, облыстық бюджеттерге – 16,9, холдингтерге – 73,6 және әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларға – 6,8 млрд теңге түсті", – деп атап өтті Ғ.Ыбырайымов.

Бұдан кейін жедел мониторинг басқармасының басшысы Ерлан Сағнаев мүлікті жария ету акциясы аяқталғанын жеткізіп, оның қорытындысы бойынша баяндама жасады.

"Мүлікті жария ету акциясының мүмкіндіктерін елдің 140 мыңнан астам азаматы пайдаланды. Барлығы 5,7 трлн теңгеге активтер заңдастырылды, оның ішінде ақшалай – 4,1 трлн теңге және мүлік 1,6 трлн теңгені құрайды. Жылжымайтын мүліктің 151 мыңға жуық нысаны, сондай-ақ заңды тұлғалардағы қатысудың 213 үлесі жария етілді. Ақшаны жария ету үшін барлығы 11 821 шот ашылды. Ел ішіндегі активтер 5 трлн теңгеге, ал шетелдегі активтер 700 млрд теңгеге жақын, олардың 614 млрд теңгесі ақшамен, 70 млрд теңгесі мүлікпен жария етілді", – деп мәлімдеді басқарма басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу