Желтоқсандағы жауын: Ақтөбеде ауылдықтар әуре-сарсаңға түсті

417

Толассыз жауған жаңбырдан соң бірнеше елді мекенде су деңгейі көтерілген. 

Желтоқсандағы жауын: Ақтөбеде ауылдықтар әуре-сарсаңға түсті Фото: inbusiness.kz

Ақтөбе облысында екі тәуліктен бері  ауа-райы мың құбылып тұр. Біресе қар жауып, соңы жауын-шашынға ұласты. Соның салдарынан Ырғыз, Шалқар, Байғанин, Мұғалжар аудандарында су деңгейі көтерілген, деп жазады inbusiness.kz сайтының тілшісі. 

"28 желтоқсан күні Шалқар ауданы Бершігүр ауылында жауын-шашынның көп  түсуіне байланысты Бершігүр—Шалқар айналма жолына еріген қар суы жиналды. Қазір су далаға қарай ағып жатыр, елді мекенге қауіп жоқ", — деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Мұғалжар ауданының Жағабұлақ ауылында су ауыл шетінде орналасқан үйлердің қора-қопсысына дейін жеткен. Қазір елді мекенге су басу қаупі төніп тұрмағанымен, жергілікті атқарушы билік кезекшілік ұйымдастырыпты.

"Ауылда 250 үй бар, мыңнан астам адам тұрады. Кезекшілік қойдық, арнайы техника да дайын тұр. Су кептеліс болып, жиналып қалмас үшін із салынды", — деді Мұғалжар ауданының  әкімі Дархан Ермағамбетов.

Ырғыз ауданының Құмтоғай ауылында күні-бойы  қар аралас жаңбыр жауып, су жиналып қалған. Кейін ауылға кіреберістегі жол үстімен сайға қарай ағыпты. Аудандық әкімдіктегілер  суағармен ағып жатқандықтан, елді мекенге қауіп жоқ деп сендірді. Дегенмен, жағдай бақылауда.

Байғанин ауданында да су деңгейі көтерілген, ауылдарға қауіп жоқ.  Ал Ойыл  ауданында үйлердің ауласына қар суы жиналып, оны сору жұмыстары дер кезінде жүргізілген.

Автор фото: inbusiness.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу