Жемқор шенеуніктерден 50 млрд теңге түсті

Алдағы уақытта бұл сома 100 млрд теңгеге дейін өседі деп күтілуде.  

Жемқор шенеуніктерден 50 млрд теңге түсті Фото: azattyq-ruhy.kz

Бұл туралы Сенат кулуарларында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Оның сөзінше, Президенттің тапсырмасына сәйкес елде арнайы нормалар енгізіліп, соған сәйкес бюджет кодексі әзірленді. Онда Қаржы министрлігі жанынан сыбайлас жемқорлыққа жол берген шенеуніктерден тәркіленген ақшаны жинақтауға болатын бөлек шот қарастырылған.

"Бұл жұмысты құқық қорғау органдары жүргізеді. Ал тиісті шешім шығарылған сыбайлас жемқорлыққа жол берген шенеуніктерден ақша Қаржы министрлігінің арнайы шотына түседі және қазірдің өзінде түсіп жатыр. Бүгінде 50 млрд теңгеге жуық қаржы түсті, алдағы уақытта бұл сома 100 млрд теңгеге дейін өседі деп күтілуде, олар мектеп және мектептердің жанына қосымша құрылыстар салуға бағытталады", – деді Смайылов.

Оның айтуынша, қаржы бөлуде орын тапшы, үш ауысымдық білім беретін, апатты жағдайындағы білім беру мекемелеріне басымдық беріледі.

 "Қазір Білім министрлігі жоспарлы түрде қаржыландырылатын бюджетке қосымша түсім үшін тиісті құжаттаманы әзірлеп жатыр. Жемқорлардан түсетін ақшаға қатысты жоспар құрмаймыз, оның түсіміне қарай қаржы бөлеміз", - деп түйіндеді Премьер-Министр.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу