Жемқорлар тендерге қатыса алмайды

346

Құжатта саланы қағазбастылықтан арылтатын бастамалар да бар.

Жемқорлар тендерге қатыса алмайды Фото: стройэксперт24.рф

Енді жемқорлық жасағандар мемлекеттік сатып алуға қатыса алмайды. Бұл туралы бүгін Мәжілісте қаржы министрінің орынбасары мәлімдеді. Дәурен Кенбеилдің айтуынша, жаңа заңда өнім берушіні таңдау кезінде бағадан басқа критерийлерге басымдық беру көзделген, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Енді байқауға бір ғана өнім беруші қатысып, тендерді ұтып алуы мүмкін. Әрине, ол үшін мердігер барлық талапқа сай болуы керек. Сонымен қатар, жеңімпаз мердігер міндетін орындамаған жағдайда екінші тұрған өнім берушімен келісімшарт жасасу ұсынылды. Вице-министрдің айтуынша, бұл бюджет әкімшісі қайтадан конкурс жариялап уақыт жоғалтпауы үшін жасалып отыр. Жаңалықтардың ішінде жемқорлықа тосқауыл қою механизмдері де бар.

"Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың қағидаттарына сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына, мүдделер қақтығысына жол бермеу қосылды. Осы ретте әлеуетті өнім беруші, оның басшысы немесе құрылтайшысы бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаса мемлекеттік сатып алуларға қатыса алмайды", - дейді ҚР Қаржы вице-министрі Даурен Кеңбеил.

Сондай-ақ, тапсырыс берушіге шұғыл түрде төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қажетті тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу мүмкіндігі берілмек. Қазір мекемелер салдарын жою үшін ғана конкурссыз тендер жариялай алады. Сонымен қатар, жобада нарықты монополиядан арылту жолдары да жазылған. Бірақ, депутаттар бұл шаралар жеткіліксіз, деп санайды.

"Нарықты жаулап алған Денсаулық сақтау министрлігінің ұлттық операторын алып тастау керек. Ол әкімдіктердің денсаулық сақтау нысандарын жобалау үшін жарияланған тендерлерінің бәрін бір көзден алып отыр. Министрдің орынбасарынан осы туралы сұрағанымда бұл нысандардың бәрін министрлік жобалауы керек екенін айтады. Заң ел бойынша 460 нысанның жобасын ұтып алуға мүмкіндік беріп тұр. Менің ойымша, бұл дұрыс емес", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болатбек Нажметдинұлы.

Депутаттың айтуынша, нарықта қазақстандық өндірушілерге көбірек жағдай жасалу керек. Сонымен қатар, отырыста жауапсыз мердігерлер мен заң бұзған ұйымдастырушыларға жазаны қатаңдату ұсынылды. Министрлік өкілі барлық даулы мәселені жұмыс тобында талқылауға уәде беріп, жобаға өзгеріс енгізуге дайын екенін жеткізді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу