Жемқорлардың шетелге шығуына 10 жылдық шектеу қою ұсынылды

920

Сыртқа заңсыз шығарылған қаражат елдің сыртқы қарызына пара-пар.

Жемқорлардың шетелге шығуына 10 жылдық шектеу қою ұсынылды

"Ақ жол" демократиялық партиясының кезектен тыс XVI съезінде сөйлеген сөзінде партия төрағасы Азат Перуашев бұрын жемқор шенеуніктер кірістерін жасыруға тырысса, қазір олардың жақын туыстары, керісінше қайдан түскені белгісіз байлықты халықтан ұялмай көрсететінін ерекше айтты.

"Кәсіпкерлердің басым көпшілігі жемқор шенеуніктер сияқты сәнді автомобильдер мен африкалық қара ағаштан жасалған жиһаздар сатып ала алмайды. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, тәуелсіздік жылдары 160 миллиард доллардан астам қаражат елден заңсыз сыртқа шығарылған. Бұл сома Қазақстанның сыртқы қарызына пара-пар. Біреулер жұмыс таба алмай жүргенде, осыншама қаражат айналымнан шығарылып, мақсатқа сай жұмсалмай отыр. Егер жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейі бойынша Қазақстан баяғыда Шығыс Еуропа елдеріне жақындағанымен, қатардағы қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі еуропалықтардан едәуір төмен. Себебі халықтың жылдық ЖІӨ ұрланып, оффшорға шығарылды. Міне, халықтың табысы да, өмір сүру деңгейі де оффшорға кетті.  Оларды басқа  біреулер  пайдаланады" – деді партия төрағасы.

Дегенмен, жоғары лауазымды жемқорлар шенеуніктер қамауға алынып, қашып кеткендер мен олардың ұрлаған қаражатын қайтару жөніндегі жұмыстарды жүріп жатыр.

"Мемлекеттік органдардың жұмысы, оның ішінде мемлекеттік бюджеттің жұмсалуы бұрынғыдай жабық ақпарат күйінде қала беретін болса, азаматтардың мемлекетке деген сенімі бұрынғыдан да төмендей береді, онда бұл күрес ешқашан тиімді болмайды, нәтижесін бермейді. Грузия тәжірибесі көрсетіп отырғандай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы басты құрал – шенеуніктердің халық алдындағы есептілігі", – деді Азат Перуашев.

"Ақ жол" басшысының айтуынша, түзету мекемелері жүйесінде жазасын өтеп жатқан жемқор шенеуніктерді шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға заңнамалық түрде тыйым салу қажет. 

"Тіпті жазасын өтегеннен кейін де жемқорлардың емін-еркін жүруі, шетелге шығуы мен меншікті басқару құқықтарын шектеуді ұсынамыз. Атап айтқанда, 10 жылға дейін шетелге шығуға тыйым салынуы тиіс. Бұл шара олардың жасырған ақшасына қашып кетпей, капиталды Қазақстанға қайтару үшін қажет. Ондай жемқорлар өз еліне инвестиция салып, отаны үшін лайықты қызмет етсін. Шетелдік оффшорлық юрисдикцияларда тіркелген кәсіпорындармен мәмілелер жасауға тыйым салынсын", – деді ол.

Құрылтай кезінде "Ақ жол" демократиялық партиясы Үкімет мүшелерінің, әкімдердің, басқа да мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындар басшыларының оффшорлардағы банктік шоттарына қатысты банк құпиясының жойылуын талап ету жұмыстарын жалғастыратынын сөз етті.

Нұржан Көшкін

Фото: Евгений Павленко / Коммерсантъ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу