Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров жемқорлық фактісі туралы хабарлаған тұлғаға жалпы пара сомасы 1000 АЕК-тен асса, оның 10% -ы сыйақы ретінде берілетінін айтады.
"Сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе өзге де жолмен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға ықпал еткен тұлғаларға, егер кінәлі адамға қатысты әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда біржолғы ақшалай сыйақы төленеді. Биылғы жылдың 5 айында жалпы сомасы 13 млн 776 мың теңге сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық туралы хабарлаған 87 тұлға табысталды. Өткен жылы 214 адамға 31 млн 811 мың теңге сомасында табысталған еді", – дейді ол.
Сонымен қатар Данияр Биғайдаров сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық туралы хабарлаған лауазымды тұлғаларға да ақшалай сыйақы төленетінін атап өтті.
"Ақмола облысында түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталушы жазасын өтеу орнын ауыстыру және жағдайын жақсарту мақсатында режимдік бөлімнің жедел уәкіліне 300 мың теңге сомасында пара бергені үшін кінәлі деп танылды. Бұл ретте жедел уәкіл 50 АЕК (немесе 126 250 теңге) мөлшерінде ақшалай сыйақымен марапатталды", – дейді тергеуші.
Құралай Құдайберген