Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы Арман Рахимовтың айтуынша, жыл басынан бері жемқорлықпен күреске бағытталған 66 іс-шара өтті.
Оған 5 мыңнан астам адам қатысты.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – біздегі басты басымдықтың бірі. Біз алдын алу, ағарту және азаматтық жауапкершілікке ерекше мән береміз, – деді ол өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзінше, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік" жобасы аясында Алматыда 262 ерікті жұмыс істейді.
– Бұл жоба жастар арасында ашықтық пен әділеттілік қағидаттарын насихаттайтын тиімді алаңға айналды, – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, биыл сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған екі адам 1,2 млн теңге сыйақы алғанын тілге тиек етті.
– 2024 жылы барлығы 9 азамат марапатталып, олардың алтауы 5,2 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы алды, – деді департамент басшысы.