Женевада Сириядағы азаматтық соғысты бейбіт жолмен шешуге бағытталған келіссөздің алтыншы раунды басталды. Оған үкімет делегациясы мен оппозиция өкілдері қатысып жатыр. БҰҰ-ның Сирия мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Стаффан де-Мистураның айтуынша, бұл раунд алдыңғыларына қарағанда, тез өтуі тиіс. Мәліметтерге қарағанда, кездесуде Сирияның конституциясын ретке келтірудің механизмдері сөз болады. Еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахмановтың айтуынша, Женевада негізгі төрт тақырып талқыланады. Олар – жаңа үкімет құру, сайлау өткізу, конституцияны реттеу және Сириядағы террорлық топтармен күрес жолдары. Сонымен қатар Женеваға жиылған қақтығысушы тараптар Астана процесінде келісілген Сирияда қауіпсіз аймақ құру туралы меморандумды нығайтуға мүдделі. Еске сала кетейік, 3-4 мамырда Астанада өткен Сирия келіссөздерінде кепіл мемлекеттер Ресей, Түркия және Иран елдері зорлық-зомбылық пен аймақтық құндылықтарды сақтап қалу мақсатында Сирияда төрт қауіпсіз аймақ құру туралы меморандумға қол қойған болатын.