2017 жылғы 29-шы тамызда Женевадағы Біріккен ұлттар ұйымының бөлімшесінде Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн және Семей ядролық полигоны жабылуының 26-жылдығына арналған семинар өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Қазақстан республикасының тұрақты өкілдігінің бастамасымен және Қарусыздану жөніндегі Женева платформасының қолдауымен ұйымдастырылған шараға халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпустың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары мен академиялық шеңбер өкілдері қатысты.
ҚР тұрақты өкілі, елші Жанар Айтжанова өз сөзінде қатысушыларға Қазақстан және президент Нұрсұлтан Назарбаевтың таратпау және ядролық қарусыздану үдерісіне қосқан үлесі туралы баяндап берді. Оның айқын дәлелі ретінде әлемдегі көлемі бойынша төртінші ядролық арсеналдан бас тарту мен Семей ядролық полигонын жабуды айтуға болады.
Қазақстандық дипломат еліміздің ядролық таратпау мәселесінің келешегін айта келе, 2017 жылғы 25-29 тамызда Астанада өткен Ғылым және ғаламдық мәселелер жөніндегі Пагуош конференциясы 62-ші сессиясының өткенін атап өтті. Қорытынды құжат ретінде Астана декларациясы қабылданғаны жеткізілді.
Біріккен Ұлттар ұйымы қарусыздану конференциясы жанындағы Австрияның тұрақты өкілі Томас Хайноци өз сөзінде ядролық қарусыздану үдерісімен таныстырып өтіп, біршама жағымды жетістіктерге қол жеткен тұстарды келтірді. Австриялық дипломат Қазақстанның осы саладағы тарихи орны мен маңызды бастамаларын айта кетті.
Шараға қатысқан Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымының өкілі Ронан Ле Брас бұл үдерістің қазіргі ахуалы туралы баяндама жасап, Шарттың күшіне енуі бойынша қалыптасып отырған жағдайға қатысты өз бағасын берді.
Женевадағы шараға арнайы шақырылған қонақ ретінде қатысқан танымал қазақстандық суретші, АТОМ жобасының Құрметті елшісі Қаріпбек Күйіков еліміздің ядролық қарусыздану ісіне қосқан үлесі жайлы және өз өмірінің тарихы мен ядролық қарусыз әлем үшін күрес жайында айтып өтті.