Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы биылғы жылдың тамызы мен қазаны аралығында өтетін бір күндік жарыстардың кестесін жариялады, деп жазады Olympic.kz.
Маусым және шілде айларында санаулы елдер ғана турнир өткізе алады. Ал халықаралық жарыстар 8-9 тамызда өтетін ұлттық біріншіліктерден соң бастау алады деп күтілуде.
Әлемдік жеңіл атлетиканың биылғы маусымы Финляндиядағы Пааво Нурми ойындары құрлықтық турымен басталады.
Continental Tour Gold аясында ұйымдастырылатын тоғыз кездесудің сегізі тамыз пен қазан аралығына жоспарланған.
Wanda Гауһар лигасы 14 тамызда Монакода басталып, қазан ортасына дейін жалғасады.
Коронавирусқа байланысты жарысты ұйымдастырушылар сериялық есеп жүргізілмейтінін және биыл жалпы есептегі жеңімпаз анықталмайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, Цюрихтегі финал да өткізілмейді.
Гауһар лигасындағы әрбір жарыстың форматы алдын ала дайындалып, турнирге енгізілген спорт түрлері хабарланады.