Өскеменде жеңіл атлетикдан жабық ғимараттағы Қазақстан біріншілігі мәресіне жетті. Үш күнге созылған турнирде Қарағанды облысының атлеттері жалпы есепте бірінші орын алды, деп жазады Olympic.kz.
Соңғы жарыс күнінде 1500 метрге жүгіру, биіктікке секіру және эстафетадан жеңімпаздар анықталды.
Ерлер арасындағы 1500 метрлік жарыста қырғызстандық Мұсылман Жоламановқа тең келер ешкім болды. Екінші орында шымкенттік Саид Сүлайманов. Үшінші сатыда Вячеслав Чувяков (Қостанай облысы).
Әйелдер арасында ШҚО өкілдері топ жарды. Бірінші орында Каролин Кипкируи, екінші орында Нора Джеруто, үшінші сатыда Дэйзи Джипкемей.
Азия ойындарының қола жүлдегері Надежда Дубовицкая (ШҚО) биіктікке секіруден алдына жан салған жоқ.
400 метрлік эстафетада ерлер арасынан Павлодар облысы чемпион атанды. Әйелдер арасында ШҚО спортшыларына тең келер команда болмады.
Жарыс қорытындысы бойынша 28 576 ұпай жинаған Қарағанды облысы жеңімпаз атанды. Екінші орында Алматы, үздік үштікте Шығыс Қазақстан облысы орналасқан.