Жеңіл өнеркәсіпті дамыту мақсатында индустриалды аймақ ашылмақ

1884

Индустриалды аймақтар "Атамекеннің" бастамасымен Түркістан, Алматы, Ақмола, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласында құрылған.  

Жеңіл өнеркәсіпті дамыту мақсатында индустриалды аймақ ашылмақ

Өңірде жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін шағын индустриалды аймақ құрылмақ. Өйткені айақтық Кәсіпкерлік палатасының жүргізген шағын және орта бизнес қызметіне жасалған талдауында сұраныстың жоғары екендігі анықталған.

Мәселен, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов, бұндай индустриалды аймақтар "Атамекеннің" бастамасымен Түркістан, Алматы, Ақмола, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласында құрылып, жұмыстарын бастап кеткенін айтады.

"Талдаулар көрсеткендей кәсіпкерлер арасында индустриалды аймақ құруға болатын 3 әлеуетті саланы анықтады. Бұл сұранысқа ие тоқыма, тамақ өнімдері мен жиһаз өндірісі. Өнімнің осы түрлерін өндіруге қатысатын өңірдегі кәсіпкерлер жеткілікті тәжірибе жинақтады. Алғашқы уақытта шағын индустриалды аймақты тігін өндірісі бойынша құруға болады. Қазір облыста 56 тігін цехы жұмыс жасауда", - дейді палата директоры.

Егерде шағын индустриалды аймақ құрылса онда жаңадан жұмыс орындары да көптеп ашылмақ.

"Бұл ұсынысымызды қала әкімдігі қолдап отыр. Қала басшылығымен бірге облыс орталығындағы бос ғимараттарды аралап көрдік. Қазір әкімдік өкілдері аталмыш нысандарды индустриалды аймаққа айналдыру үшін қажетті қаржы көлемін есептеуде. Жақын күндері облыстық бюджеттік комиссияға ұсыныс беретін болады", - деді Ғ.Жақсылықов.

Жалпы облыста индустрияландыру бағдарламасы жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Мысалы, І және ІІ бесжылдықтар аясында құны 150 млрд. теңге болатын 26 жоба жүзеге асса, 1,7 мың жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған.

Былтырдың өзінде 68,1 млрд. теңгелік 20 жоба өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енді. Биыл олардың қатары 19 жаңа жобамен толықпақ. Оның 5-уі Қызылорда қаласынан болса, әр ауданнан 2 жобадан енген. Болашақта құрылыс индустриясы жаңа қарқынмен дамымақ. Яғни, шағын арматура зауыты, асфальт бетон зауыты, шыны талшықты және композитті материалдар, құрғақ қоспалар өндіру зауыты мен Жаңақорған ауданынан керамзит және керамзит блоктарын шығару қолға алынады.

Сондай-ақ, тау-кен және металлургия өнеркәсібінде де полиметалл кендерін қайта өндейтін тау-кен комбинаты, кварц құмын байыту комбинатының І кезеңі іске аспақ. Ауыл шаруашылығы бағытында 11 жоба жаңадан 873 жұмыс орнының ашылуына сеп болмақ.

Аймақта соңғы бір жыл ішінде іске қосылған жобалар нәтижесінде 34,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілді.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу