Отандық автомобильдерді халыққа қолжетімді ету үшін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңілдікпен несие беру бағдарламасына бюджеттен қосымша қаражат бөлу мәселесін пысықтауда, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Президенттің тапсырмасы бойынша халыққа жеңілдікпен автонесие берудің жаңа бағдарламасы әзірленеді. Қазіргі уақытта бағдарламаны қайта іске қосудың бірнеше нұсқалары қарастырылып жатыр. Соның бірінде көп балалы отбасыларды, күш құрылымдары қызметкерлерін, дәрігерлер мен мұғалімдерді қолдау жөнінде шағын бағдарлама іске қосу ұсынылады. Сондай-ақ, "Бірінші отбасылық автомобиль" бағдарламасын қосу мүмкіндігі қарастырылған", – деп хабарлады ведомство.
Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2015 жылы іске қосылды. Ол 20 жылға есептелген және "револьверлік" әдіске негізделген. Қаржыландырудың жалпы шегі – 82 млрд теңге. Бағдарлама іске асырылған сәттен бастап револьверлік-қайтарымды қаражатты ескере отырып, 159 млрд теңгеге 30 525 қарыз берілді.
Қазірдің өзінде 80 мыңға жуық адам отандық автокөліктерді сатып алған.
Жеңілдікпен автонесие беру бағдарламасының шарттары:
- жеңіл автокөлік құны 15 млн теңгеден;
- несие мерзімі – 7 жылдан;
- соңғы қарыз алушы үшін номиналдық сыйақы мөлшерлемесі жылдық 4%-дан аспауға тиіс.
Қарыз алушы ЕДБ алдындағы несиесін өтеген кезде қайтарылған қаражат есебінен отандық өндірістің жеңіл автокөлігін сатып алушыларға қайта несие беріледі.
Бүгінгі таңда осы бағдарламамен сатып алу үшін елімізде құрастырылған: Hyundai, KIA, JAC, Chevrolet және LADA сияқты автомобильдер қолжетімді.
Құралай Құдайберген