"ВІ Кызылорда" аяқкиім дүкеніндегі жайттан соң ғимараттың есігі мен ішкі мүліктері қирағаны белгілі болған-ды. Аталған жайтқа жол берген бірқатар жауапты тұлға қатаң сөгіс пен ауызша ескерту алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Дінмұхамед Әбсаттаров жеке кәсіпкерге ескерту беріп, сауда нысанындағы жағдайды тұрақтандыру үшін қажетті іс-шаралар қолға алынғанын айтты.
"Акцияны ұйымдастырушы "BiAi" спорттық аяқкиімдер дүкені 23 қаңтар күні әлеуметтік желілерде "Барлық аяқкиімдер 1000 теңгеден жаппай сатылымға шығарылады" деген хабарлама таратқан. Жеңілдік ұйымдастырылған күні халық шектен тыс көп жиналуына байланысты келеңсіз жағдай болып, дүкенді сағат 10:30-да жабуға мәжбүр болған. Осы жағдайға байланысты кәсіпкер халық алдында кешірім сұрады. Бұл жағдай халық арасында дүрбелең туындатқаннан кейін кәсіпкер аяқкиімдерді мұқтаж адамдарға таратып, қарттар үйіне берді. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерге ескерту түрінде шара қолданылды. Қазіргі таңда, "Қорқыт" сауда үйінде жағдай тұрақталды. Жаппай сатылым барысында адам қауіпсіздігін сақтау керектігі туралы сауда нысандарында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта осындай акция ұйымдастыру барысында қоғамдық тәртіпті сақтау және халық арасында дүрбелең туғызбау үшін жергілікті атқарушы органдармен және құқық қорғау саласының өкілдерімен келісіп өткізуге шақырамыз", – деді ол.
Бақылаудың жоқтығынан болған кемшілік үшін Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының сөгіс алғаны белгілі болды. Аталған жайтқа байланысты шұғыл жиналыс өткізген Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тағы бірнеше тұлғаға қатаң сөгіс пен ауызша ескерту берді.
"Өте ұят жағдай, бұл аймақтың ақпараттық кеңістіктегі оң имиджіне кері әсерін тигізді. Біз өз тарапымыздан мұндай шаралардың алдын алу үшін жұмыс жүргізіп келеміз. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы Қызылорда қаласында "40 қазан палау" акциясы ұйымдастырылып, ол туралы жарияланған ақпараттар біразға дейін талқыланды. Бұрын да қатаң ескерткенмін, мұндай акцияларды ұйымдастыруға ниет білдірген кәсіпкерлерге қала, аудан әкімдігіне алдын-ала хабарлау қажет. Құзырлы органдарда көмекке мұқтаж отбасылардың тізімі бар. Сондықтан, жаппай төбелеске жол бергеннен гөрі, адресті түрде көмек көрсеткен дұрыс.
Егер өрт немесе басқа төтенше жағдай бола қалса, адамдар бір-бірін таптап, сауда үйінен сыртқа шыға алмай қалуы мүмкін еді. Алдағы уақытта осы жағдай барлығына сабақ болып, алдын алу шараларын үнемі назарда ұстауы тиіс. Бұл жерде қала әкімшілігі тарапынан тиісті бақылау болмаған", – деді аймақ басшысы.
Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязовтың баяндауынша, дүкен иесі жаңадан кәсіп бастағандықтан, науқан жариялаған, сол жерде жаппай тәртіпсіздік болған. Құқық қорғау және прокуратура органдары көпшілік іс-шараларды өткізу тәртібін бұзған кәсіпкерді заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартады.
Жиналыс қорытындысы бойынша, облыс әкімінің бірінші орынбасары мен қала әкіміне жұмысқа жақында тағайындалғандықтан, ауызша қатаң ескерту жасалды. Сондай-ақ, қала әкімінің салаға жетекшілік жасайтын орынбасарына қатаң сөгіс түрінде жаза қолданылды. Осындай жағдайға жол берген қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының қызметіне сәйкестігі қаралмақ.