Жеңілдікпен автонесиелеуге 100 млрд теңге қарастырылған

1459

Биыл автобус парктерін жаңартуға 10 млрд теңге бөлінеді.

Жеңілдікпен автонесиелеуге 100 млрд теңге қарастырылған

Сегізінші рет ұйымдастырылып отырған Қазақстан машина жасаушылар форумында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов автонесие және лизинг тақырыбына тоқталды. Оның сөзінше бұл мақсатта соңғы 5 жылда 50 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде отандық зауыттар 19 мың көлік сатты. 

"Елімізде жеңілдікпен автонесиелеу және лизингке беру бағдарламасы бар. Оған 5 жылда 50 млрд теңге бөлінді. Осының арқасында отандық кәсіпорындар жалпы сомасы 98,6 млрд теңге тұратын 19 мың көлік сатты. Өткен жылы Ұлттық банк жеңілдікпен автонесиелеу бойынша арнайы бағдарламаны іске қосты. Оның аясында тағы 5 жылға 100 млрд теңге бөлінді. Аталған жоба аясында осы уақытқа дейін 40 млрд теңгеге 7 мың көлік өткізілді", – деді министр. 

Бірнеше жыл бұрын автобус парктерін жаңарту бағдарламасы іске қосылған. Оған 2018, 2019 жылдары 33,5 млрд теңге бөлініп, 1350 жаға қоғамдық көлік сатып алынған. Бейбіт Атамқұлов биыл да аталған бағдарламаға қосымша 10 млрд теңге қарастырылғанын айтты.

"Осы жобалармен қатар Қазақстан автоөндірісін дамыту үшін бірнеше зауыт іске қосылды. Оның бірі Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 45 мың көлік. Биылғы жылдың наурызында бірінші кезек бойынша жасалған автолар сатылды. Сондай-ақ өзбекстандық әріптестерімізбен біріккен "Сарыарқа автоөндіріс" тағы бар. Зауыт экспортқа негізделген Ravon және Chevrolet көліктерін шығаруда", – деді ол. 

Құралай Құдайберген 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу