Жеңілдікпен сатылатын көмірдің тоннасы нарықтағы көмірден 450 теңгеге ғана арзан

685

Жеңілдікпен сатылатын көмірдің тоннасы нарықтағы көмірден 450 теңгеге ғана арзан

Шілде айының басынан бастап Өскемен қаласында әлеуметтік көмір сатыла бастайды. Бүгін қала әкімдігі, "Қаражыра" АҚ және облыстық Ауғаныстан мүгедектері мен ардегерлері қоғамдық бірлестіктігі арасында көмірді төмендетілген бағасымен сату жөніндегі меморандумға осымен тоғызыншы рет қол қойылды, деп хабарлайды altaynews.kz.

"Әдеттегідей әлеуметтік көмірді облыс орталығының Ұлы Отан және ауған соғысының ардагерлері, зейнеткерлер мен тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылар, бірінші, екінші топтағы мүгедектер ала алады. Төмендетілген бағамен көмір алу жөніндегі өтінішті жергілікті өзін-өзі басқару комитеттеріне тапсыру қажет", - деп атап өтті Өскемен қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ольга Булавкина.

Әлеуметтік көмірдің биылғы бағасы бір тоннасы үшін 8350 теңге. Бұл нарықтағы көмір бағасынан 450 теңгеге төмен. Бір айта кетерлігі, әлеуметтік көмір бағасының нарықтағыдан айырмашылығы көп болмағанымен, оны жеткізіп беру бағасымен қосқанда әлдеқайда аз сомма шығады. Жеткізіп беру бағасы 5-6 мың теңгеден аспайды.

"Көмірді вагондармен жеткізу жұмыстары басталды. Сондықтан жеңілдікпен сатылатын көмір алушылар тізіміне енгізілген азаматтарға қара күзге қалдырмай осы бастан қамдана берулерін сұраймын. Өйткені көлік тапшылығына байланысты күзде қарбалас басталады", - деп атап өтті кәсіпорын басшысы Марғұлан Мақышев.

Қала әкімдігі мен "Қаражыра" АҚ арасындағы меморандумға осымен тоғызыншы мәрте қол қойылып отыр. Тоғыз жыл ішінде аталмыш кәсіпорын әлеуметтік жауапкершілік аясындағы шараларға 140 млн теңге жұмсаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу