Жеңіс Қасымбек: 2017 жылы 100 мың тұрғын үй салу жоспарлануда

884

Жеңіс Қасымбек: 2017 жылы 100 мың тұрғын үй салу жоспарлануда

Бүгін Астанада ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің халық алдындағы есептік кездесуі өтті. Жеңіс Қасымбек министрліктің атқарған жұмыс нәтижелерін баяндап, биылғы жылдың соңына дейін жүзеге асырылатын жобаларға және алдағы жоспарлар мен міндеттерге тоқталды.

Есептік жиын аймақтардың қатысуымен бейнеконференция режимінде өтті. Министр өз баяндамасында 2017 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша өндірістік өнеркәсіп көлемі 7,1%-ға өскенін айтты.

"2016 жылы индустрияландыру картасы аясында құны 878 млрд. теңге болатын 130 жоба іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Карта жобалары өткен жылы 2,2 трлн. теңгенің өнімін өндірді. Оның 1,4 трлн. теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Биыл жалпы сомасы 700 млрд. теңге болатын 100-ден астам жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар арқылы тағы да 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Ал көлік саласында қызмет көрсету көлемі 3,8%-ға өсті. Логистика тиімділігінің халықаралық рейтингінде Қазақстан 88 орыннан 77 орынға көтерілді (ТМД-да үздік болды). Қытай-Еуропа-Қытай бағытында транзитті контейнерлік тасымал 2 есе өсіп, 104,5 мың контейнерді құрады", - деді министр өз есебінде.

Министр айтқан мәліметке сүйенсек, биылғы жылы контейнерлер санын 320 мың бірлікке дейін, оның ішінде Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша 165 мың контейнерге арттыру көзделіп отыр екен.

Транзиттік авиажолаушылар саны 2016 жылы 250 мыңнан 478 мыңға дейін жеткен. 2017 жылы олардың саны 600 мыңға жетеді деп жоспарланған. 

"Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысының бірыңғай бағдарламасы әзірленіп, оның аясында 1,5 млн. тұрғын үй салынатын болады. Ал, 2017 жылы 100 мың тұрғын үй салу жоспарланып отыр", - деді Жеңіс Қасымбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу