Жеңіс Қасымбек елордада кептеліс мәселесі қалай шешілетінін айтты

286

Соңғы жылдары қалада бірнеше көпір пайдалануға берілді. 

Жеңіс Қасымбек елордада кептеліс мәселесі қалай шешілетінін айтты Фото: baigenews.kz

Астана қаласының әкімі Женіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елордадағы кептеліске қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Кептеліс деген әрбір үлкен қаланың проблемасы. Ең негізгі мәселе – Есіл өзенінің екі жағынан бір-біріне жету. Көпірлерге баратын жолдарда таңғы 7-9-да, түскі уақытта және кешке сағат алтыдан бастап тоғызға дейін кептеліс пайда болады. Үлкен кептелістер Мәңгілік ел, Тұран, Қабанбай даңғылдарында, арғы бетте Хайвилге шығатын көше, Республика, Тәуелсіздік көшелерінде болады. Соңғы үш-төрт жылдың ішінде бірнеше көпір пайдалануға берілді. Оның біреуі – Ұлы дала көпірі. Бұл жаңа темір жол вокзалға шығатын көпір. Былтыр қазан айында Тәуелсіздіктегі көпірді іске қостық", – деді қала әкімі тілшілердің сауалына берген жауабында.

Сөзінше, келесі жылдың соңына қарай тағы бір көпірдің құрылысы басталуы мүмкін.

"Осы жобалар негізгі көшелердің мүмкіндігін кеңейтті. Қосымша үлкен көшелерді де қосып отырмыз. Келесі жылы әуежайдан шығатын Мәңгілік елмен параллель жүретін Тәуелсіздік көшесінің құрылысын бастаймыз деген жоспар бар. Жалпы бұл негізгі үлкен көшелердің кептеліс мәселесін шешетін жоба болады",  деді Астана қаласының әкімі.

Шаһар басшысы бұдан басқа қоғамдық көліктің санын көбейту жағы да қаралып жатқанын жеткізді. 

"Бір жылдың ішінде ЛРТ іске қосылса, ол да осы мәселені шешу үшін үлкен үлесін қосады", – деді елорда әкімі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу