ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Финляндияның сыртқы сауда министрі Кай Мюккяненмен кездесті, деп хабарлайды ҚР ИДМ баспасөз қызметі.
Кездесу барысында көлік саласы бойынша Финляндия мен Қазақстан арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері және екі елдің инвестициялық ынтымақтастығының перспективалары талқыланды.
Экспорттық-импорттық және транзиттік жүк тасымалы өсім динамикасының алға басып келе жатқаны айтылды.
2016 жылы Финляндиядан Қытайға 7 контейнерлік пойыз (560 ЖФЭ) жөнелтілсе, 2017 жылдың 5 айында 8 контейнерлік пойыз жеткізілген.
Финляндияның жүк жөнелтушілері мен экспедиторлары ҚХР мен Қазақстанға өз өнімдерін жіберуге, сонымен қатар, ҚХР – Финляндия – ҚХР, Гамбург – Қостанай, Паняряй – Қостанай бағыттары арқылы ҚХР-нан Финляндияға тасымал жасауға мүдделі.
Жеңіс Қасымбек Қазақстанда шетелдік компаниялар үшін жасалған инвестициялық мүмкіндіктерді айтып, Финляндияның бизнес өкілдерін МЖС және инфрақұрылымдық жобаларды жекшелендіру бойынша ынтымақтастыққа шақырды.
Министр Қазақстан мен Финляндия арасындағы тікелей әуе рейс бизнес-қоғамдастық арасындағы байланысты жандандыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ, қазіргі уақытта Қазақстан мен Финляндияның бекітілген тасымалдаушылары үшін елдер арасында ұшуды орындауларына еш кедергі болмайтынын еске салды.
"Сіздің Қазақстанға жасаған сапарыңыздың аясында екі ел арасында алғаш тікелей әуе қатынасының ашылуы тарихи оқиға",- деді министр Жеңіс Қасымбек.
Бұдан бөлек, Қазақстанның авиация билігі "Finair" әуе компаниясына ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде Хелсинкіден Астанаға жиілігі аптасына 7 рет қатынау құқығын берді.
Сонымен қатар Жеңіс Қасымбек қазіргі уақытта "қапталдас келісім" элементтерімен қоса "Әуе қатынасы туралы" үкіметаралық жаңа келісім жобасы мемлекетішілік ресімдеуден өтіп жатқанын хабарлады.