Жеңіс Қасымбек шахтерлерді қабат келетін 3 мерекемен құттықтады

1287

Өңір әкімі Шахтерлер күні қарсаңында "Казахстанская", "Абайская" және Түсіп Күзембаев атындағы шахталарда болып қайтты.    

 Жеңіс Қасымбек шахтерлерді қабат келетін 3 мерекемен құттықтады

Өңір басшысы және "АрселорМиттал Темиртау" АҚ басшылығы кеншілерді кәсіби мерекемен құттықтады. Сонымен бірге әкім еңбек ардагерлерімен және шахтерлер әулетінің өкілдерімен кездесті, өндірісті дамыту перспективаларымен және заманауи тау-кен жабдықтарымен танысты, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

Жеңіс Қасымбек көмір кәсіпорнын аралау бағдарламасын "Казахстанская" шахтасының кеншілерін құттықтаудан бастады. Онда 1 490 адам жұмыс істейді.

"Шахтерлер күні біздің облыс үшін – ең маңызды мерекелердің бірі. Шахтинск өңірінде 5,5 мыңнан астам кеншілер еңбек етеді, яғни әрбір отбасында шахтада істейтін туыс жақын адамы, танысы немесе көршісі бар. Осы қиын уақытта сіздердің барлықтарыңызға және сіздердің жақындарыңызға мықты денсаулық тілегім келеді. Осы жылы бізде үш мереке сәйкес келеді – Шахтерлер күні, Шахтинск қаласының күні және Конституция күні. Сондықтан сіздерді осы мерекелермен де құттықтағым келеді. Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері сіздердің де еңбектеріңіз. Біз сіздерді мақтаныш тұтамыз!" – деп Жеңіс Қасымбек шахтерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, құрмет грамотасын тапсырды.

Сонымен бірге, өңір басшысы "Жер асты радиобайланыс, видео бақылау және жайғастыру жүйесі" жобасының іске асырылуымен танысты. Жаңа жүйені енгізу жобасы – бұл өнеркәсіп қауіпсіздігінің деңгейін арттыруға және шахта жабдықтарын толық автоматтандыруға тағы бір қадам.

"АрселорМиттал Темиртау" АҚ-ның "Казахстанская" шахтасын осы жүйемен жабдықтауға кеткен инвестициясының жалпы сомасы  шамамен 1,5 миллион долларды құрайды. Мұндай жабдық Қазақстандағы көмір кәсіпорнында алғаш рет енгізілді.

Алдағы Шахтерлер күнімен кеншілерді "АрселорМиттал Темиртау" АҚ бас директоры Биджу Наир да құттықтады: "Сіздерді және отбасыларыңызды мерекемен құттықтаймын! Бұл Қазақстандағы менің командаммен тойлап отырған бірінші Шахтерлер күні. Мен келесі жылы да қайта оралып, осы оқиғаны ауқымды тойлағым келеді".

Өңір әкімі "Абайская" шахтасын да аралады. 2008 жылы қаңтардағы метан жарылысынан қаза болған шахтерлерді еске алып, кәсіпорын қасында тұрғызылған мемориалға гүлдер қойды. Өндірісте қауіпсіздік техникасына ерекше көңіл бөлінеді. Шахтада заманауи газоанализаторлар, автоматтандырылған желдету және контейнерлерді басқару жүйесі орнатылған.

Бүгінде кәсіпорында 897 адам еңбек етеді. Мереке қарсаңында кеншілер Қарағанды облысының құрмет грамоталарымен марапатталды.

Жеңіс Қасымбек "Абайская" шахтасын құрылған күнінен бастап бірге құрып, бірге көтергендермен кездесті.

Евгений Баландинский 80-жылдары "Абайской" директоры болды. Бүгін ол және оның әріптестері Юрий Баженов және Төлеутай Жакулин – қала өміріне белсенді қатысатын және шахтерлердің қазіргі ұрпақтарына тәжірибе беретін құрметті ардагерлер, ақсақалдар және ардагерлер кеңестерінің мүшелері.

Облыс басшысы шахтерлерді және тау-кен ісінің ардагерлерін келе жатқан мерекемен құттықтап, денсаулық, амандық және барлық жоспарлардың орындалуын тіледі. 

Жеңіс Қасымбек Түсіп Күзембаев атындағы шахта кеншілерін де құттықтады. Онда 1 182 қызметкер жұмыс істейді. Өңір басшысы шахтерлерге құрмет грамотасын, сондай-ақ жалпы жұмыс өтілі 130 жылдан астам Мединовтардың еңбек әулетіне бағалы сыйлық тапсырды.

Облыс әкімі дизель тасушыларды жөндеу бойынша цехте де болып қайтты. Онда аспалы дизель тасушыларға ұсақ жөндеу, қозғалтқыштарға, гидрожүйелерге, құбыр қыздырғыштарға, көтергіш механизмдер мен жоғары қысым сорғыларына жөндеу жасалады. Цехта тау-кен қазбасының жасанды үлгісі орнатылған, аспалы локомотив (феррит) жылжитын монорельсті жол монтаждалған. Мұндай жасанды үлгі алғаш рет Түсіп Күзембаев атындағы шахтада жасалды және Қарағанды облысының басқа кәсіпорындарында аналогы жоқ.

Айта кетсек, облыста республикалық көмір көлемінің 30% астамы, кокстенген маркалы көмірдің 100 % өндіріледі. Қазіргі уақытта өңірде 10 шахта және 14 кеніштер жұмыс істейді. 2020 жылы көмір өңдіру 37 млн тонна көлемінде күтілуде.

Тамыз айының соңғы жексенбісі шахтерлер өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу