"Жеңіс" кен орнын ресейлік компания игереді

1446

Қазақстан қойған талап бойынша, ондағы басшылардың кем дегенде жартысы жергілікті мамандардан болуға тиіс.

"Жеңіс" кен орнын ресейлік компания игереді

Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі "Жеңіс" кен орнын ресейлік "Лукойл" игеретін болды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бұл ретте Қазақстан тарапы жер қойнауын пайдаланушыға ұлттық кадрлар бойынша талап қойды: мысалға, ондағы басшылардың кем дегенде жартысы жергілікті мамандар болуға тиіс.

Астанада энергетика министрі Қанат Бозымбаев, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Алик Айдарбаев және ресейлік "Лукойл" президенті Вагит Алекперов үшжақты кездесу өткізді.

Кездесу барысында энергетика министрлігі, ҚМГ және "Лукойл"  арасында Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы "Жеңіс" теңіз учаскесін бірлесіп игеру аясында көмірсутектерді барлау және өндіру құқығын беру бойынша тікелей келіссөздер хаттамасына, сондай-ақ өзара түсіністік туралы бірлескен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Бұл ретте "Жеңісті" игеруге ресейлік мұнай компаниясының арнайы құрылған еншілес кәсіпорны – "Лукойл Қазақстан Апстрим" ЖШС қатыспақ.

Елордадағы келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстанға "қол қою бонусы" төленді. Бұл – жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт аумағында жер қойнауын пайдалану құқығын иелену үшін төлейтін біржолғы тіркелген төлемі. Оның көлемі әзірге құпияда ұсталады.

Бұдан бөлек, кадрлар құрамына қатысты талаптар белгіленді. Ол бойынша "Жеңісті" игерушілер арасында басшылардың 50%-ы, құрылымдық бөлімшелер басшыларының 80%-ы, орта буын мамандарының 90%-ы, ал білікті жұмысшылар 100%-ға жергілікті қазақстандық азаматтар болуға тиіс.

Сонымен қатар, жұмыстар мен қызметтердің кемінде 50%-ын "жергілікті қамту", яғни отандық компаниялар сервисі болуға тиістігі жөнінде жер қойнауын пайдаланушы өз мойнына міндеттеме алатыны туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу