Алматы әкімдігінен атап өткендей, көрсетілімнің басты ерекшелігі – соғыс жылдарында Қазақстанды даңққа бөлеген батырлардың бейнесі көрсетіледі.
– Алматы аспанында аты аңызға айналған қаһарман қыздар Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова, сондай-ақ, Бауыржан Момышұлының бейнесі жарық арқылы жанданады. Заманауи технологиялар мен жарық анимациясының көмегімен олардың ерлігі мен рухын жеткізетін көріністер арқылы елге таныстырылады, – деп хабарлады әкімдіктен.
Дрон-шоу барысында еске алудың белгісі ретінде тырналар да көрсетіледі. Ал шоудың соңында қазақтың ою-өрнегі аясында "Жеңіс күні құтты болсын" деген жазу пайда болады.
– Бұл заманауи визуалды шоу – батырларға тағзым ғана емес, соғыс туралы жаңа, қолжетімді, әсерлі әрі есте қаларлық баяндау түрі. Ол тарихи жадымызды сақтау мен келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын еске салады. Іс-шара демеушілердің қолдауымен барлық қауіпсіздік талап сақтала отырып ұйымдастырылады, – деп атап өтті әкімдіктен.
Ұйымдастырушылар дрон-шоуды тамашалауға арналған бірнеше ыңғайлы алаң дайындады. Басты орындар: Абай алаңы, "Қазақстан" қонақ үйінің маңы, Caspian University жанындағы орын және Абай даңғылы бойындағы аумақтар – Назарбаев даңғылынан Достық даңғылына дейін.
Осыған байланысты 9 мамыр күні сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін қала орталығында автокөлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.
Абай даңғылының Назарбаев даңғылынан Достық даңғылына дейінгі бөлігі, сондай-ақ, Достық даңғылының Құрманғазы көшесінен Сәтбаев көшесіне дейінгі аралығында жол жабылады.
Алматы қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын бағытты алдын ала жоспарлауға және уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауға шақырады.