Өкінішке қарай, "Жеңіс" құрылымында іздеу-барлау ұңғымасын бұрғылау жұмысы нәтижесі бермеді, көмірсутек қоры анықталмады. Геологиялық болжам расталмады, деп хабарлайды inbusiness.kz "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Жеңіс" құрылымында іздеу-барлау ұңғымасын бұрғылау жұмысы нәтижесі бермеді, көмірсутек қоры анықталмады. Геологиялық болжам расталмады. Дегенмен, геологиялық бұрғылау жұмысының нәтижесінде алдағы уақытта ҚМГ-ның басқа да жобаларына қажетті жер қойнауының құрылымы туралы қосымша ақпарат алынды", – деп хабарлады компания.
Еске сала кетсек, "Жеңіс" - геологиялық барлау бағытындағы оффшорлық мұнай-газ жобасы. Операторы – "Жеңіс Оперейтинг" ЖШС және "Лукойл Қазақстан Апстрим" ЖШС, бұл компаниялардың жобаға қатысу үлесі 50/50.
Бастапқыда жобаның нәтижелі болуы 20% деңгейінде бағаланған. Геологиялық барлау кезеңінде жобаға қатысушы Серіктес ("Лукойл" компаниясының) инвестициясы тартылды. Компания инвестицияның 100%-ын салып, алдағы уақытта өндіру есебінен бұл шығынын қайтаруы керек. Келісімге сәйкес геологиялық барлау кезеңі сәтсіз аяқталған жағдайда, жұмсалған шығын өтелмейді.