Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, елде тұратын ҰОС ардагерлерінің әрқайсысына 5 млн теңгеден (10 мың доллардан астам) төленген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олардың қатарында тек соғыс ардагерлері ғана емес, сонымен бірге тыл еңбеккерлері, қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері, сондай-ақ жарақат немесе ауру салдарынан көз жұмған мүгедектігі бар азаматтардың жұбайлары бар.
Бұдан бөлек, республикалық бюджет есебінен төленетін зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер көлемі де жыл сайын артып келеді. 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша ҰОС қатысушыларының ай сайынғы жиынтық төлемі орта есеппен 290 мың теңгені құрайды. Ал соғыс кезінде мүгедектік алған азаматтар үшін бұл көрсеткіш 300 мың теңгеден асады.
Қаржылай көмектен бөлек, ардагерлерге арналған кешенді қолдау жүйесі жұмыс істейді. Олардың қатарында тегін шипажайлық-курорттық ем, мамандандырылған госпитальдарда медициналық қызмет алу, тұрғын үймен қамтамасыз ету секілді шаралар бар.
Сондай-ақ, жергілікті деңгейде қосымша қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, әкімдіктер тұрғын үйлерді жөндеу, дәрі-дәрмекпен, отынмен және азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізеді.