Бұл туралы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының отырысында айтылды, деп хабарлайды іnbusiness.kz тілшісі
"2016 жылдың 6 мамырында жер кодексінің кейбір нормаларына мораторий енгізілді. Мораторий мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Мораторий ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік компанияларға, сондай-ақ шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға жалға беруге шектеу қойды. Мораторий мерзімінің аяқталуына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толық тыйым салу туралы саяси шешім қабылдады",–деді вице-министр.
Рүстем Құрмановтың сөзінше, мәжіліске енгізілген жер қатынастары мәселелері жөніндегі заң жобасында мораторийге дейін шетелдіктер мен шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялар жалға алған ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мерзімі ұзартылмайды.
"Алайда олар жерді пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін қолдана алады. Сондай-ақ қандастар қосалқы шаруашылық, бау-бақша және саяжай құрылысы үшін жер ала алады. Бірақ ауыл шаруашылығы жерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға алу мүмкіндігі беріледі",–деді Рүстем Құрманов.
Қанат Махамбет