Eldorado Weather сайтының дерегінше, Абадан қаласы өткен тәулікте Жер шарындағы ең ыстық қала ретінде тіркелді.
Мұнда сынап бағаны 51 градус Цельсийге жеткен. Бұл – жаһандық климат көрсеткіштері бойынша төтенше жоғары деңгей.
Абаданнан бөлек, әлемдегі ең ыстық 15 қаланың қатарына Иранның тағы 3 қаласы – Омидие, Ахваз және Дезфуль да енген.
Метеорологтар бұл құбылысты ысыған ауа ағындары мен атмосферадағы ылғалдылықтың күрт төмендеуімен байланыстырады. Мұндай факторлар аптапты одан әрі күшейтіп, адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін.
Осыған байланысты денсаулық сақтау ұйымдары тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін ескертуде. Әсіресе, балалар, қарттар және жүрек-қан тамыры ауруларына шалдыққан адамдар тікелей күн сәулесінен қорғануы тиіс.
Дәрігерлер күннің ыстығында сыртқа шықпауға, су көп ішуге және салқындатқыш құралдарды қолдануға кеңес береді.
Сарапшылардың болжамынша, алдағы күндері температура одан әрі көтерілуі мүмкін.
Осыған орай, өңір тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік ережелерін мүлтіксіз сақтау қажет.