Өткен аптада Мемлекет басшысы "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ведомствоның мәліметінше, құжат көмірсутектер мен уранды геологиялық барлауға инвестицияларды ауқымды түрде тартуға, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар үшін әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған.
Заңдағы негізгі жаңалықтардың бірі – аз зерттелген аумақтарда барлау және өндіру бойынша арнайы келісімшарт түрінің енгізілуі. Бұл норма инвесторлар үшін жаңа құқықтық тетік қалыптастырады. Енді өз қаражаты есебінен жер қойнауын геологиялық зерттеуге дайын компаниялар кейінгі кезеңде жер қойнауын пайдалануға басым құқық алады. Мұндай тәсіл барлау жұмыстарына жеке капиталды тартуды ынталандырып, геологиялық тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.
Министрлік атап өткендей, қабылданған өзгерістер ел аумағының геологиялық зерттелу деңгейін арттыруға бағытталған. Аз зерттелген өңірлерді айналымға енгізу көмірсутектердің жаңа қорларын анықтауға және ұзақ мерзімді перспективада энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға жағдай жасайды.
"Сонымен қатар заңнамалық түзетулер өндірістік процестерді жеңілдетеді. Енді жер қойнауын пайдаланушылар қолданыстағы өндіру келісімшарттары аясында жер үстіндегі учаскенің шекараларын өзгертпей-ақ, бес мың метрден төмен тереңдікте қосымша барлау жұмыстарын жүргізе алады. Бұл шешім терең қабаттарды жедел зерттеуге және артық бюрократиялық рәсімдерсіз ресурс базасын кеңейтуге мүмкіндік береді", – делінген ақпаратта.
Заң нормалары нарықтағы бәсекелестікті дамытуға да бағытталған. Ұлттық компаниялардың тікелей келіссөздер жүргізу үшін учаскелерді резервте ұстап тұру мерзімдеріне шектеу енгізілді. Бұл перспективалы аумақтардың ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай қалуына жол бермей, оларды нақты инвесторларға жедел ұсынуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар стратегиялық маңызы бар уран саласында мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағытталған нормалар жеке блок ретінде көзделген.
Ресурстарды ұтымды пайдалану мен сапалы мемлекеттік сараптаманы қамтамасыз ету мақсатында көмірсутектер қорлары жөніндегі Мемлекеттік комиссияның қызмет ету мерзімі 2030 жылға дейін ұзартылды.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, қабылданған заңнамалық өзгерістер инвестициялық ахуалды жақсартып, экономиканың өндіруші және қайта өңдеу секторларына капитал ағынын арттыруға қосымша серпін береді.