2022 жылдың басынан бері мемлекетке 8,6 млн гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылған

469

Жер мәселелері жөніндегі Комиссияның 6-шы отырысында вице-премьер Серік Жұманғарин пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді қайтару жөніндегі жұмысқа қоғамдық бақылаудың қатысуын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

2022 жылдың басынан бері мемлекетке 8,6 млн гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылған Фото: canva.com

Қыркүйек айында өткен Комиссияның соңғы отырысында айтылғандай, жерді мемлекеттік меншікке қайтарудың онсыз да ұзақ үдерісін кешіктіретін негізгі кедергілер соттармен рәсімдік келіспеушіліктер және Кәсіпкерлік кодекстің жаңа талаптарына байланысты бұрын берілген нұсқамалар бойынша тексерулерді жүргізу мүмкін болмай тұр.

Қазіргі уақытта әкімшілік мәселелер шешіле бастады. Ауыл шаруашылығы министрлігі соттардың ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жөніндегі талаптарды қараудан бас тартуына байланысты мәселелерді шешу жөніндегі іс-қимыл алгоритмін әзірледі. Оны қазіргі уақытта АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің (ЖРБК) аумақтық бөлімшелері қолданып жүр.

Бұдан бөлек бүгін қайтарылған жерлерді пайдалануға алу конкурсына қатысуға тең әрі ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында АШМ ауыл шаруашылығы жерлерін беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру және өткізу қағидаларына өзгерістер енгізу жобасын әзірледі.

Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметінше, құжаттың басты мақсаты – әр санат үшін белгіленген критерийлер бойынша шаруашылықты жаңадан бастаушылар үшін және жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкерлерге ауыл шаруашылығы жерлерін беру үшін бөлек конкурс өткізу.

"Қағидалардың жаңа редакциясында инвестициялардың болжалды көлемі бойынша балл беру алынып тасталады және ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыс тәжірибесі, ауыл шаруашылығы саласындағы маман дипломы, ауылдық жерде тұру, мүмкіндігіне қарап, ауыл шаруашылығы техникасын есепке алу және басқа да жаңа әрі неғұрлым объективті критерийлер енгізіледі", – деді Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов.

Жер ресурстарын басқару комитеті жер учаскелері тартып алынған тұлғалардың тізілімін жасайды. Бұл тізілімге енгендер алдағы үш жыл ішінде жер ала алмайтын болады. Жерді пайдаланбағаны үшін 10-нан 200 АЕК-ке дейінгі айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік және жер салығының базалық мөлшерлемесін 20 есеге ұлғайту белгіленген.

Осылайша, жерді пайдаланып отырғандар қолдарына тиген нұсқамалардың салдарын сезініп, көп жағдайда жер учаскелерінен өз еріктерімен бас тартады. Сонымен қатар жер учаскелерін мемлекетке қайтарған тұлғаларға екінші мәрте беру фактілерін болдырмау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы рәсімдерді бақылауды күшейту тапсырылды.

Конкурстарға қатысу үшін неғұрлым объективті өлшемшарттарды енгізуді және алынған ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануды бақылау шараларын күшейтуді назарға ала отырып, ерікті түрде қайтарып бергендердің жерді пайдалануға алу конкурстарына қатысу құқығы сақталады.

Аманат партиясымен бірлесіп, қайтарылған жерлерді қайтадан әділ бөлуді қоғамдық бақылауға алу үшін "Жер Аманат" жобасы іске қосылды. Бұдан бөлек өңірлік комиссиялардың құрамына прокурорлар, депутаттар және қоғамның басқа да өкілдері кіреді.

Комиссия отырысының қорытындысына сәйкес барлық көтерілген мәселелерді мұқият пысықтап, нәтижелерін бір айдан кейін өтетін келесі отырысқа шығару туралы шешім қабылданды.

Анықтама: 2022 жылдың басынан бері АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің бөлімшелері жалпы алаңы 6,2 млн гектарды құрайтын жер пайдаланушыларға қатысты (2022 жылы - 1622, 2023 жылы - 971) 2 593 жоспардан тыс тексеру жүргізді (2022 жылы - 4,3 млн га, 2023 жылы - 1,9 млн га).

Нәтижесінде:

- 3,8 млн га алаң бойынша Жер заңнамасын бұзу фактілерін жою туралы (2022 жылы - 2,5 млн га, 2023 жылы - 1,3 млн га) 1815 ұйғарым енгізілді (2022 жылы - 1136, 2023 жылы - 679)

- 302,2 мың га алаң бойынша 180 материал сот органдарының қарауында жатыр.

Жалпы, 2022 жылдың басынан бері мемлекетке 8,6 млн га (2022 жылы - 5,4 млн га, 2023 жылы - 3,2 млн га) ауыл шаруашылығы жері қайтарылды.

Тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 2,8 млн га ауыл шаруашылығы жерлерін (2022 жылы - 2 млн га, 2023 жылы - 0,8 млн га) игеруге кірісті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу