Жер шетелдіктерге сатылмайды және жалға берілмейді – Мемлекет басшысы

1430

Осы орайда ол нақты шешімдер қабылдағанын жеткізді. 

Жер шетелдіктерге сатылмайды және жалға берілмейді – Мемлекет басшысы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жер мәселесіне қатысты 
түбегейлі шешім қабылданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мемлекет басшысының пікірінше, бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату керек. 

"Шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Мен мұны президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру керек деп шештім. Президент әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек",  деді ол Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

Президент бір айдың ішінде жер реформасы жөніндегі комиссияның құрылатынын жеткізді.

"Комиссияға 25 наурызда жұмысқа кірісуді тасырамын. Оның құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдерін және жер мәселесін жетік білетін сарапшыларды қосу керек", деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үкіметке нақты тапсырма берді.

"Үкіметке тамыздың соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша ортақ мәміле арқылы түбегейлі байлам жасауды тапсырамын", деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев комиссия жұмысының әрбір кезеңі, онда ұсынылған шаралар туралы халық үнемі хабардар болып отыру керегін атап өтті. 

"Басты міндеттің бірі – комиссия жұмысының және шешім қабылдаудың мейлінше ашықтығын көрсету. Біз жерге қатысты қоғам тарапынан көтерілген барлық мәселені дұрыс және тиімді шеше аламыз деп сенемін. Бұл шешімдер ең алдымен ел экономикасын дамытуға және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған.
Ең бастысы жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабылданды", деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

Дәурен Ерболат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу