Жер сілкінісі, су тасқыны мен өрттен үйді міндетті сақтандыру ұсынылды

346

Қазақстанда тұрғын үйлерді жер сілкінісі, су тасқыны және табиғи сипаттағы орман өрттерінен міндетті сақтандыру енгізілуі мүмкін. Бұл норма сақтандыру нарығын реттеуге қатысты әзірленген жаңа заң жобасында қарастырылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Жер сілкінісі, су тасқыны мен өрттен үйді міндетті сақтандыру ұсынылды Фото: ЖИ

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, "Сақтандыру нарығы туралы" және қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобаларын әзірледі.

Ведомствоның мәліметінше, құжаттар Мемлекет басшысының 2026 жылғы 10 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау үшін дайындалған. Негізгі мақсат — сақтандыру секторының тұрақтылығын күшейту, бәсекелестікті дамыту, қызметтерді цифрландыру және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды арттыру.

Жаңа заң жобасында міндетті сақтандырудың бірыңғай моделін енгізу ұсынылған. Осы ретте міндетті сақтандыру сыныптарының бірыңғай тізбесі қалыптастырылмақ.

Тізімге тұрғын үйді:

- жер сілкінісінен;

- су тасқыны мен су басудан;

- табиғи сипаттағы орман өрттерінен міндетті сақтандыру түрлері қосылады.

Сонымен қатар ерікті сақтандыру нарығын дамыту үшін жаңа өнімдер енгізу жоспарланған. Олардың қатарында инвестициямен байланысты unit-linked өнімдері және кепілдендірілген төлемді инвестициялық кіріспен ұштастыратын гибридтік аннуитеттер бар.

Заң жобасы сақтандыру нарығының инфрақұрылымын да жаңартуды көздейді. Атап айтқанда, тәуекелдер мен ұзақ мерзімді міндеттемелерді бағалаудың бірыңғай тәсілдерін әзірлейтін Орталық актуарий құру ұсынылады.

Бұдан бөлек, сақтандыру саласындағы мамандарды тәуелсіз сертификаттау үшін Сақтандыру құзыреттерін дамыту орталығын құру жоспарланған.

Сақтандыру қызметтерін цифрландыру аясында жаппай ерікті сақтандыру өнімдері бойынша электрондық шарт негізгі форматқа айналмақ. Міндетті сақтандыру шарттарын Бірыңғай сақтандыру деректер базасында бірегейлендіру және сақтандыру маркетплейстерінің жұмысын реттеу де қарастырылған.

Ілеспе заң жобасы Қазақстан Республикасының 11 кодексі мен 36 заңына өзгерістер енгізуді көздейді.

Заң жобасы 7 қазанға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу