Жер-жаһандағы ең ірі ТОП-3 экономика белгілі болды

Бұл статистикалық зерттеулер Кёльндағы Неміс экономикасы институтының (IW) есептеуі негізінде жасалып отыр.  

Жер-жаһандағы ең ірі ТОП-3 экономика белгілі болды Фото: shutterstock.com

2025 жылы Германия АҚШ пен Қытайдан кейінгі әлемнің үшінші экономикасы статусын сақтап қалған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Бұл жерде ең басты әңгіме номиналды ЖІӨ жайында. Әлбетте, ол ел экономикасындағы барлық соңғы тауар мен қызметтердің қазіргі бағалар бойынша жалпы құны саналады. 

– Үздіксіз экономикалық дағдарысқа қарамастан, Германия 2025 жылы әлемдегі үшінші ірі экономика орнын сақтады. IW есептеулеріне сәйкес, барлық неміс тауары мен қызметтерінің құны 5,1 триллион долларға жеткен. Рейтингтің көшбасшысы – АҚШ, оның ЖІӨ көлемі – 30,8 триллион доллар, одан кейін Қытай 19,5 триллион доллармен тұр, – делінген хабарламада.

Жапония 4,4 триллион долларлық ЖІӨ көлемімен төртінші орынға жайғасқан. Еске салайық, 2024 жылы аталған ел үздік үштікті Германияға берген еді. Сарапшылар Германияның бұл орынды биыл да сақтап қалуы мүмкін екенін топшылайды. Өйткені, елде мықты өнеркәсіптік база, жоғары білікті жұмыс күші және ғылыми-зерттеу компаниялары бар.

IW болжамына сай, екі әлсіз жылдан кейін экономика мемлекеттік инвестициялар есебінен шамамен 1%-ға өседі. Дегенмен, қалпына келу орташа деңгейде болып, экономикалық өсім шектеулі болады. 

Сонымен қатар, онжылдық соңына таман тез өсіп келе жатқан және халқы көп Үндістан Германияны басып озуы ықтимал деген де болжам қарастырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу