Жерді пайдалануды бақылау жөніндегі функциялар Жер ресурстарын басқару комитетіне берілді

2099

Жер беру жөніндегі функциялар әкімдіктерде қалды.  

Жерді пайдалануды бақылау жөніндегі функциялар Жер ресурстарын басқару комитетіне берілді

Қазақстанда жерді пайдалану мен қорғау бойынша бірыңғай вертикаль қалпына келтірілді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, 2014 жылдан бастап жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау функциялары толық жергілікті атқарушы органдарға жүктелген.

"Бұрын Жер қатынастары және Мемлекеттік бақылау басқармалары облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктердің құрамына кіріп, онда "мүдделер қақтығысы" болатын. Сондай-ақ жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі уәкілетті органдардың бір мемлекеттік органда болуына байланысты сыбайлас жемқорлық сипатындағы шешімдер қабылдау тәуекелі болды", – деп жазылған хабарламада.

Осыған байланысты Мемлекет басшысының 2021 жылғы 19 наурыздағы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында берген тапсырмасына сәйкес, жер реформасы жөніндегі комиссия құрылды. 

"Комиссияның 5 отырысында 120-дан аса ұсыныс көтеріліп, жер заңнамасын жетілдіру бойынша бірқатар жүйелі ұсыным әзірленді. Ұсыныстардың бірі "орталық-өңір" қағидаты бойынша жерді ұтымды пайдалануға мемлекеттік бақылаудың бірыңғай вертикалын құру болды.

Осыған байланысты, 2021 жылғы 30 маусымда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң қабылданды. Ол жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау функцияларын 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап аумақтық бөлімшелерін құра отырып, орталық уәкілетті органның ведомствосына беруді көздейді", – деп жазылған хабарламада.

Осылайша, жер беру жөніндегі функциялар әкімдіктерде қалды. Ал әкімдіктердің жер беруін және меншік иелерінің/жер пайдаланушылардың жерді пайдалануын бақылау жөніндегі функциялар аумақтық департаменттерді құру арқылы АШМ Жер ресурстарын басқару комитетіне берілді.

"Нәтижесінде, Қазақстанда "орталық-өңір" қағидаты бойынша жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылаудың бірыңғай вертикалі құрылды және жер қатынастары саласында жинақталған проблемаларды шешу мен тәртіпке келтіру үшін аса маңызды қадам жасалды", – деп жазылған хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу