Жердің басым бөлігі екінші деңгейлі банктердің кепілінде тұр

1056

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов әкімдіктер жайылым жерлерді мемлекет қажетіне ала алатынын айтты.  

Жердің басым бөлігі екінші деңгейлі банктердің кепілінде тұр

Бұл туралы ол мәжіліс депутаты Асқарбек Үйсімбаевтың сауалына жауап бергенде баяндады, деп хабарлайды іnbusiness.kz  тілшісі.

"Қазіргі уақытта тұрғындардың малын жаюға жайылым жерлердің жетіспеу проблемасы бар. Айта кетерлігі, елді мекендердің маңындағы жерлердің басым бөлігі екінші деңгейлі банктердің және олардың қаржылық ұйымдарының кепілінде тұр. Ал бұл жайт жергілікті атқарушы органдарға мемлекет қажеттілігі үшін жерді алып қою іс-шарасын қабылдауға мүмкіндік бермейді. Кепілге қойылған жерлерді алу бойынша қандай іс-шара қолданылады, қолданыстағы заңнамада кепілге қойылған жерді алу тетігі бар ма?" – деп сұрады депутат вице-министрден.

Өз кезегінде Рүстем Құрманов елдімекендердің төңірегіндегі жайылым жерлерге қатысты мәселенің өзекті екенін мойындады.

"Әсіресе оңтүстік өңірлерде мәселе өткір тұр. Таяуда ғана сараптама жүргізіп, оңтүстік өңірлерде жайылымдардың жүктемесі нормативтен 2 есе жоғары екенін анықтадық. Соған орай қолданыстағы жер кодексінде әкімдіктердің мемлекет қажеттілігі үшін жайылым жерлерді алуы көзделген норма қарастырылған. Бұл нені білдіреді? Әкімдіктер елдімекен төңірегіндегі жерді пайдаланушылардан сол жерді алуына немесе елді мекеннен шалғайдағы дәл сондай жерді беруіне, учаскенің құнын өтеу арқылы сатып алуына мүмкіндік береді. Тіпті халықтың қажетін қанағаттандыру үшін елдімекендердің маңындағы жерлерді әкімдіктердің қайтарып алғаны жайлы да дерек бар. Яғни мұндай тәжірибе болғанымен белсенді түрде қолданылмайды. Әкімдердің барлығы осы жолмен жүріп отырған жоқ", – деді вице-министр.

Қанат Махамбет

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу