Коммуналдық қалдықтарды реттеп отыратын бағдарлама қажет. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов осылай дейді, деп жазады inbusiness.kz.
"Әкімдіктер қалдықтарды реттеуге қолданыстағы инфрақұрылым, қолда бар ресурсты талдап, ұзақ мерзімді кезеңге арналған нақты іс-шаралар әзірлеу керек", – деді Брекешев.
"Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасына осы мәселе бойынша үш көрсеткіш пен 16 іс-шара енгізілгенін айтты. Қатты тұрмыстық қалдық пен өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу, кәдеге жарату үлесі бойынша көрсеткіштерге қол жеткізу үшін Жамбыл облысында 3 005 полигонның 639-ы экологиялық нормаларға сәйкес келтірілді, бөлек жинау үшін 3 876 контейнер сатып алынып, орнатылды, 870 мың тонна түйіршіктелген шлак қайта өңделді. Елордада құрылыс қалдықтарын жинауға әрі өңдеуге арналған алаң салынды.
"Жыл басынан бастап экологиялық төлемдерден тек табиғатты қорғау іс-шараларына түсетін қаражатты 100% жұмсау туралы норма енгізілген. Алайда бірқатар өңірлерде эмиссия қаражаты экологиялық төлемнен айтарлықтай төмен", – деп толықтырды министр.
Осыған байланысты ол жергілікті атқарушы органдардан өңірдің қоршаған ортасын қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуді және жергілікті бюджет қаражатының толық көлемде жұмсалуын қамтамасыз етуді сұрады.
Жасын Қалибек