Павлодар облысына қарасты Шарбақты ауданының әкімдігі осыдан 10 жыл бұрын кәсіптік-техникалық оқу орнына берілген жерді кері қайтармақ болды. Бұл әрекеттің жолын прокурорлар кесті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, 2014 жылы аудандық әкімдіктің өзі аграрлық-техникалық колледждің тұрақты түрде пайдалануына 418 гектар жер берген. Мұнда студенттер тәжірибелік жұмыстар жүргізген. Ал таяуда жергілікті билік нақты бұл аумақты алып, оның орнына колледжден ондаған шақырым қашықтықтағы өзге жер телімін ұсынған.
"Аудандық әкімдік арада 10 жыл өткен соң бастапқы қаулының күшін жою туралы шешім шығарды. Ал оның орнына берілуі керек болған жер учаскесі шалғай орналасуына байланысты студенттерге қолайсыздық тудыратын еді. Сондықтан жергілікті атқарушы биліктің шешімі күшін жойып, жер телімі колледж қарамағында қалатын болды", – деп хабарлайды облыстық прокуратура өкілдері.
Осылайша, биліктің ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануды көздеген жер учаскесін алуға қатысты жоспары жүзеге аспай қалды.