Премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар өңірде су тасқыны салдарынан зардап шеккен үйлердің құрылысы мен қалпына келтіру қарқынын сынға алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мен өткен аптада Солтүстік Қазақстан облысына бардым. Жөндеу және құрылыс жұмыстарының қарқыны жақсы. Басқа өңірлер әлі қажетті қарқынды ала алмай отыр. Тағы да еске саламын – жаз мезгілі қысқа, бәрін белгіленген мерзімде, әрі сапалы етіп жасауға біраз уақыт талап етіледі. Өкінішке қарай, жергілікті билік органдарының жұмысында салғырттық, шешім қабылдауда баяулық, ұйымдастыру ісінде әлсіздік байқалады", - деді Үкімет басшысы.
Сөзінше, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының белсенділігін арттыру қажет.
"Мерзімдерді мүлдем бұзуға болмайды. Бірақ тек мерзім емес, сапа жағы да өте маңызды. Оған да жіті назар аудару қажет. Сондай-ақ, көптеген өңірде су тасқынымен күресу үшін құм мен саздан үйінділер жасалды, топырақ салынған қаптар пайдаланылды. Ендігі кезекте әкімдіктер бәрін өркениетті түрге келтіру керек. Экологияға зиян келтірмес үшін барлық қапшықтарды алып тастап, кәдеге жарату қажет", - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.