Жергілікті билік Сарқандағы ГЭС-те болған апатқа түсініктеме берді

Бұған дейін су электр станциясындағы жағдай мәлімет әлеуметтік желілерде кеңінен тараған еді.  

Жергілікті билік Сарқандағы ГЭС-те болған апатқа түсініктеме берді Фото: Жетісу облысының әкімдігі

Оқыс оқиғаға орай Жетісу облысының әкімдігі ресми ақпарат беріп өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Әкімдік мәліметіне сенсек, "Baskan Power" ЖШС-нің қауіпсіздік мамандары жедел түрде жоғарғы су қабылдағыштан су беруді тоқтатып, судың станция аумағынан тыс жерге таралуының алдын алған. Соның арқасында өзен маңындағы тұрғын үйлер зардап шекпеген, халық пен экологиялық қауіпсіздікке қатер туындамаған. 

– 2025 жылдың 12 тамызы күні сағат 17:00-де Сарқан ауданы, Екіаша ауылындағы "Кіші Басқан" өзенінде орналасқан ВБ ГЭС-2 станциясында су құбырының жергілікті жарылуы болды. Бұл оқиғаға байланысты әлеуметтік желілерде жарияланған ақпарат кейбір тұрғындардың алаңдаушылығын тудырды, алайда нақты жағдай желіде таралған мәліметтерден едәуір өзгеше, – дейді әкімдіктің баспасөз қызметі. 

Негізінен "Baskan Power" ЖШС-да шамамен 90 адам жұмыс істейді, олардың бәрі – жергілікті тұрғын. 

– Технологиялық тұрғыда құбырдың жарылуы тіркеліп, соның салдарынан су ГЭС ғимараттары арқылы және сыртқы бетке шығарылды. ГЭС-тің жедел кезекші қызметкерлері электр қуатын ажыратып, су беруді тоқтатты, ал сағат 18:00-де құбыр толықтай сусыздандырылды. Суды сорып шығару жұмыстары басталды, бүгінде ғимарат ішіндегі су толығымен сорылып шығарылды, қазір апаттық-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, – дейді "Baskan Power" ЖШС техникалық директоры Данияр Досабаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу