Қызылорда қаласының тұрғындары жап-жаңа үйлерінің қасбеті түрлі түске боялып жатқанына налиды. Тиісінше, жергілікті билік өкілдері "вандализмді" жалғастыра беретінін ашық айтып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
– Қазіргі таңда қала бойынша көп жылдар бойы қалыптасқан ғимараттардың сыртқы қасбетінің үлгісі қандай болу керектігі, оның түсі, құрылыс жұмыстарына қолданылатын материалдар, оның ішінде ғимараттардың қасбетіндегі әртүрлі үлгіде жасалған жарнаманың бір биіктікте, бір деңгей мен көлемде орналастыру, қасбеттерді біркелкілендіру сондай-ақ, көшелердің сәулеті бірыңғай үлгіде тәртіптелу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Айта кету керек, өткен жылы Қызылорда қаласында 30-дан астам ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті демеушілер есебінен қайта жаңғыртылды. Биыл 100-ден аса үйдің қасбеті жаңартылуда, – деп хабарлайды "Ашық Қызылорда" парақшасы.
Десе де, тұрғындар үйлерінің жаңа екенін, сыртқы қасбетін бояу қайта әсем келбетін бұзатынын айтып отыр.
– Шынымды айтайын, жап-жаңа үйдің сыртын бояу дегенді түсінбеймін. Иә, ол ескіріп тұрса дұрыс қой. Ол кезде тұрғындардың өзі-ақ бояуды сұрар еді. Бұл жерде әңгіме басқа болып тұр. Үйіміз жап-жаңа, қып-қызыл кірпіштен өрілген. Зауыттан шыққан, сыртқы көрінісі көрікті кірпіш еді. Енді мұны бояп, аурухана сияқты етіп тастады, – деп ашынды Ербол есімді тұрғын.
Ал, жауаптылар қаланың сәулетті көрінісі үшін істеліп жатқан жұмыс екенін еске салды.
– Бірқатар әлеуметтік, әкімшілік, қоғамдық нысандарға түнгі жарықтандыру орнатылды. Мұның барлығы қаланың сәулеттік келбетіне жаңа сән әрі әдемі түс беруде. Үй сыртындағы бояудың сапасы жоғары және ұзақ мерзімге төзімді. Ғимараттар мен құрылыстардың архитектуралық-көркемдік безендіру жүйесіне бірегей қалалық келбет пен мәдени бірегейлікті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар одан әрі де жалғасын табады, – дейді жауаптылар.
"Салынғанына 10 жыл өтпеген үйлерді бояу ақылға сыймайды" деген тұрғын болашаққа алаңдаулы. Уақыт өткен сайын әрі күн райының қолайсыздығынан бояу қабыршықтанып, үйдің сұрқы қашпаса екен дейді.